ҚҰРАСТЫРУШЫДАН

 

Соғыс, бұл үлкен сынақ пен қасірет. Осындай қасіретті бастан кешіп, ата-бабаларымыздың қанымен бейбіт заман орнатылған Ұлы Жеңіске биыл 70 жыл толып отыр. Соғыс оты шарпымаған ел, отбасы жоқ екендігін біз тарихтан жақсы білеміз.
Бұл соғыс халықтан үлкен күш-жігер мен табандылықты талап етті. Халық бүкіл күш-жігерін, еңбегін осы соғыстың жеңісіне салуға мәжбүр болды. 
76 мыңнан астам Батыс Қазақстандық жауынгерлер майдан даласына аттанып, батылдығы мен ерлігі, әскери шеберлігі үшін Кеңес Одағының ордендерімен, медальдарымен марапатталды. Ақжайық өңірінің 41 жауынгері Кеңес Одағының Батыры, ал 7 жауынгер Даңқ орденінің толық иегері болды.
    Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне өзінің лайықты үлесін қосқан ақжайықтық жауынгерлердің Брест қамалынан бастап Берлинге дейін, Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыр ерліктер көрсеткен, Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етуге, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтуге атсалысқан жанқиярлық  ерліктері ұрпақтар санасынан өшпейді.     
Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – Отанмыздың тәуелсіздігі мен бостандағы жолындағы сол Жеңісті әкелген Ақжайық өңірінің батырларының ерлігін ұмытпау, болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары, достық пен бірлік   туралы түсінік беру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына  орай Ж. Молдағалиев атындағы ОӘҒК-ның өлкетану әдебиеттері бөлімі Ақ Жайық өңірінен шыққан Кеңес Одағының Батырлары мен «Данқ» орденінің толық иегерлері туралы ұсыныстық библиографиялық көрсеткіш дайындап отыр. Библиографиялық көрсеткіште батырлар туралы мәлімет, фотосуреттер, әдебиеттер тізімі хронологиялық ретпен жазылған және көмекші құрал ретінде есімдер көрсеткіші, авторлардың, құрастырушылардың алфавиттік көрсеткіші  жалғанған.  Көрсеткіш қазақ және орыс тілдерінде.
Көрсеткішті құрастыру барысында облыстық кітапхананың өлкетану кітап қоры, өлкетану каталогы, тарихи-танымдық анықтамалықтар мен тарихи еңбектер, мерзімді басылымдар беттеріндегі деректі мақалалар пайдаланылды.
Бұл көрсеткіш өлкетанушыларға, зерттеушілерге, тарихшыларға, кітапханашыларға, сондай-ақ Ақ Жайық өңірінен шыққан Кеңес Одағының Батырлары туралы толығырақ танысқысы келетін барлық оқырмандарға арналады.