KAZ | RUS

Кітапхана тарихы

Бүгінгі күні облыстық кітапхана - республикадағы тарихы тереңде жатқан, ең ірі  400,0 мың данаға жеткен дәстүрлі және дәстүрлі емес тасымалдаушы қорды сақтаушы  кітапхана. Кітапхананың мықтылығы - оның  сұранысқа иелігінде. Кітапхана қабырғасында ұйымдастырылып отыратын ақын жазушылар, танымал тұлғалармен қызықты кездесулер, жаңа кітаптың тұсаукесері, қылқалам шеберлері туындыларының көрмесі, өзекті мәселелерге байланысты ұйымдастырылған дөңгелек үстелдер, түрлі мүдделілік клубтары, оқырмандар  арасында кітапхананың мәртебесін өсіріп, оларды кітапханаға қызықтырып, ерекше бір күшпен тартып отырады.

Жыл сайын әлемдік және қазақстандық құндылықтарға оқырмандарды қызықтыра отырып кітапханалық қызмет көрсету, ақпаратқа деген ақысыз қолжетімділік мақсаттарын сақтай отырып, ақылы қосымша қызмет көрсету  түрлері кеңейтілуде.

Біздің мақтанышымыз-сирек басылымдардың қоры (25,0 мың дана),  18-19 ғасырлардағы басылымдар, шағын, репринтті, және факсимальды басылымдар, 1917 және 1961 жылдары шыққан   латын шрифтісіндегі қазақ тіліндегі әдебиеттерді де табуға болады, сондай-ақ ақын-жазушылар, танымал тұлғалардың жеке қолтаңбасы қалдырылған кітаптар.

Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапхана – облыстық мәртебесі бар кітапхана ретінде аймақтағы кітапханалар үшін өз қызметінің негізгі басымдықтарын  ғылыми-зерттеу және әдістемелік орталық жұмысына бағыттайды. Қызметінің негізгі мазмұны халықаралық мәдени акцияларға қатысумен ерекшеленеді.

Қазіргі  ақпараттар ғасырында кітапхана ақпараттық технология көмегімен кітапханалық үрдістерді дамыту, электронды деректер базасын жасақтау, анықтамалық және библиографиялық қызметте әлемдік ақпарат жинақтаушы Интернетті пайдалану  сияқты қызметтерді 1994 жылы бастады. Интернет жүйесіне қосылу, кітапхананың өз мәліметтер қорын жасап, ақпараттық  дәстүрлі емес тасымалдаушыларды ұсыну, күнделікті  жұмыста жаңа электрондық технологияны пайдалану  кітапхананың  ақпарат алу көкжиегін кеңейте түседі.                           

Кітапхана ісін компьютерлендіру арқылы бұрын кітапхананың  қолы жетпеген жаңа жұмыс жүйесін ашып, қалыптасқан ескі операцияларды жойып, модернизациялау арқылы барлық  жұмыс барысының тиімділігін арттыруға қол жеткізілді.

Кітапхана жаңа технолгияны меңгерген, танылған ақпараттық орталық, Орал қаласы мен облыс тұрғындары үшін ағартушылық және мәдени демалыс орны,  бастысы Батыс Қазақстан облысының мәдени-тарихи мұрасын  сақтау және дамыту орталығы ретінде өмір сүріп, дами береді.

Кітапхана тарихы

Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы – Қазақстандағы ең байырғы кітапханалардың бірі. Кітапхананың тарихи негізінің қалануы  тым алыстан бастау алады.
Осыдан 200 жыл бұрын  1812 жылы ашылған әскери училище  1831 жылдан бастап каркынды жұмыс жасай бастады. Училище жанынан ашылған кітапхананың қызметін қарапайым халық пайдалана алмады, тек оқушыларды ғана қажетті әдебиетпен қамтамасыз етіп отырды. Тек 1858 жылдан бастап бұл кітапхана көпшілік кітапханаға айналды.
Г.Н.Потаниннің (географ, орыс географиялық қоғамы экспедициясына катысушы) естелігінен: «Столыпин (атаман) әскери училище жанындағы кітапхананы көпшілік кітапханасына айналдырды: кітап жаздырып алу ісі ашылды, кітапхана жаңа кітаптармен, әсіресе жаратылыстану тарихы жөніндегі әдебиетпен толықтырылды, сол уақыттағы барлық ең жақсы журналдар жаздырып алынды. Кітапхана жанында кітапкұмар оқырмандар қауымы құрылды, кітапхана залында Аркадий Дмитриевич Столыпиннің төрағалық етуімен белгілі бір такырыпта дөңгелек үстел, кездесу кештері өткізіліп тұрды. Мұнда петербургтік әдеби жаңа туындылар оқылды және талқыланды...»
Кітапхананың қызметін мұғалімдер  мен оқушылар пайдаланды. Кітапханашы болып Иван Антонович Бородин тағайындалды.
1869 жылы училище кітапханасы (казіргі М.Өтемісов атындағы БҚМУ-нің жаратылыстану-география факультеті орналаскан) жаңа ғимаратқа көшірілді, кейін казіргі Х.Есенжанов атындағы ОБЖК орналаскан ғимаратқа (бұрынғы әскери  үйіне) қоныс аударды.
1870 жылы  Орал казак әскерінің тағайындаулы атаманы генерал-лейтенант Веревкин Орынбор генерал - губернаторына көпшілік кітапхананы ашу жөнінде өтініш жазып, бұл шараны “Тек өте пайдалы ғана емес, сонымен қатар гимназия мен юнкер училищесін аяқтаған жастарға мүмкіндік  беру үшін аса қажетті”.- деп есептейтіндігін, сонымен қатар бұл кітапханалар жастардың жоғарғы және арнаулы оқу орындарына түсу, Орал қаласы мен Орал облысының орталығымен алыста тұратындар үшін, жалпы қоғам үшін өте қажет екендігін атап көрсетті  Өтінішпен қатар ұсынылған “Кітапхана туралы Ереже”, кітапхананың кітап қорына 1858 жылдан бастап құрылған әскери училищенің көпшілік кітапханасының әдебиетін қосу, сонымен бірге  кітапханаға қажетті шығын бөлігін әскери капиталдың есебінен жүзеге асыру жөнінде  ұсыныс жасады.
1871 жылы  сәуірде Орынбор генерал губернаторынан  Әскери көпшілік кітапхана құруға рұқсат алынды. Осы жылдың 24 қазанынан бастап, кітап қорын күні ілгері  оқырмандарға қызмет көрсетуге  дайындау жүзеге асырылысымен, оның ресми ашылуы жүзеге асырылды.
Кітапхананың  кітап қоры  сол жылдары 4750 томнан  (1560 дана орыс тіліндегі кітап, 1370 дана шетел тіліндегі кітап, 1820 журналдан) тұрды. Кітапхана ауқатты казактардан жинақталған  қаржының көмегіне  сүйеніп жұмыс жүргізді. Кітапхана директоры болып старшын А.Ф..Акутин тағайындалды.
1905 жылға дейін әскери көпшілік кітапхана аптасына 4 рет, күніне 5 сағаттан жұмыс істеді, оку залы жексенбі мен мейрам күндерінен басқа күндері күніне 6 сағаттан жұмыс істеді. Бірінші орыс революциясы жылдарында абонементтің жұмыс уақыты аптасына 4 сағаттан 3 күнге дейін қысқартылып, ал оку залы жұмыс күндері тек таңертең 3 сағаттан жұмыс істеді.
Ал 1910 жылдан бастап оқырмандардың өтініші бойынша абонемент күніне, 5 сағаттан жұмыс істесе, оқу залы күн сайынғы 5 сағатпен қоса жексенбі және мейрам күндері окырмандарға сағат 12.00-ден 14.00-ге дейін  қызмет көрсетті. Кітапхананың күндізгі уақытта жұмыс істеуі қатардағы қызметкерлердің, қолөнершілер мен жұмысшылардың оның қызметін пайдалану мүмкіндігін бермеді. Осыған байланысты оның бай әдеби қорына қала еңбекшілерінің қолдары толық жетпеді.
Қазан төңкерісінен кейін, 1921 жылғы 21-сәуірдегі «Қырғыз Республикасында кітапхана жүйесін орталыктандыру туралы» Қырғыз АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің каулысы бойынша республиканың барлық кітапханасы жалпыға бірдей ашық деп жарияланды және бірыңғай кітапханалық жүйе болып құрылды. Облыстық маңызды калалар жанынан орталық қалалық кітапханалар құрылды, ал бұрынғы әскери көпшілік кітапханасы орталық қалалык кітапхана болып аталды. Кітапхананың жұмыс көлемі мен мазмұны түпкілікті өзгерді.
1935 жылы Ағарту комиссариатының  шешімімен орталық қалалық кітапхана облыстық болып қайта құрылды. Ол облыстың басты кітап сақтайтын орны, оқырмандарға ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсету орталығы, облыстың барлық кітапханалық қызметін үйлестірудің  әдістемелік орталығы болды.
1939 жылы қоғамдық ұйымдар, белсенді оқырмандар мен кітапхана ұжымының өтінішімен  Қазақ ССР  Жоғарғы Кеңесінің Президиумы кітапханаға Надежда Константиновна Крупская есімін беру туралы шешім шығарды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында кітапхана  госпитальдар мен  әскери шақыру бөлімдерінде белсенді кітапханалық қызметін жалғастыра берді.  Ел басына күн туған осы қиын кезеңде кітапханаға (1945 жылдың маусымына дейін)  Ксения Григорьевна Березина меңгерушілік жасады.
1948 жылы кітапхана Киров көшесіндегі 47 үйге көшірілді. (қазіргі Карев көшесі). Содан бері кітапхана осы күнге дейін  Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониямен бірге ғимараттың оң қанатында жұмыс жасап келеді.
1950 жылы кітапхана жанынан біржылдық кітапханалық курс ашылады.
1977 жылы кітапхана 4 облыс үшін аймақтық депозитарлық қорды сақтаушы мәртебесіне ие болады. Қазіргі уақытта депозитарлық қорда 25,0 мыңға тарта дана кітап жинақталған.
1986 жылы кітапханада жаңадан: мерзімді баспасөз және өнер әдебиеті бөлімдері ашылады.
1989 жылдан бастап кітапхана кітап өнімінің міндетті ақылы данасын алуға кірісті.
1994 жылы кітапхана электрондық каталог құрастыруды бастады.
1998 жылы «Қазақстан-Сорос» қорының «Жаңа үлгідегі кітапхана» жобасының жеңімпазы атағына ие болды. «Өлкетану» деректер базасы жасақталды.
2000 жылы кітапхана атауы өзгертіліп, Ж.Молдағалиевтың есімімен аталатын болды.
2001 жылы Интернетке қоғамдық қолжетілім орталығы ашылды.
2002 жылы «Орал – кітапханалық астана 2002» атанды. Кітапхана базасында «Еуразия мәдениеті және кітапханалық қорлардың шоғырлануы» тақырыбында республикалық конференция өткізілді.

Ғимараттың тарихы

Орал қаласы тарихи-мәдениет және сәулет ескерткіштеріне бай. Олардың ішінде 1900 жылы салынып, оның бұрынғы иесі – жергілікті көпес Александр Тимофеевич Каревтің құрметіне Карев үйі деп аталатын ғимарат ең көрнектісі болып табылады.
Ғимарат қаладағы ескі құрылыстар арасынан қаланың бір бөлігіне жуық көлемді алып жатқан зәулімділігімен, қалыптан тыс үш биік қабатымен және тағы бір қабат секілді көкке самғаған төбешатырымен ерекшеленеді. Бұл орыстық емес кірпіш-тас қалау тәсілімен тұрғызылған Орал қаласындағы бір ғана ғимарат. Ғимараттың алдыңғы беті  сылақсыз әшекейлі кірпішпен қаланған. Қабат бойынша бөлінісі қабатаралық ернеумен, тік бөлінісі жауырындық қабырғамен көмкерілген. Екінші қабаттың терезелері кірпішті жақтаулардан, ал үшінші қабаттың терезелері – жақтаулардан, маңдайша кенереден, жиек қабырғадан құрастырылған. Балкон да көзқызығарлық - әшекейлі шойын құйма материалмен қосарлай жиектелген. Ғимаратты түрлендірілген арықтық ернеу тәжілей түседі.
Ғимарат бастапқыда тұрғынжай үшін емес, сауда, кіріс үйіне арналды. Бірінші қабат дүкендерге берілді, екінші қабатқа 1871 жылдың өзінде ашылған кітапханасы бар офицерлер жиналысы орналастырылды, үшінші қабат қонақүйлік нөмірлер ретіне пайдаланылды.
1908-1909 жылдары екінші қабаттағы залда «Электро – Биоскоп Пате» және «Париждық кинематограф» жұмыс істеді.
1914 жылы үйдің жоғарғы қабатына 1912 жылы ашылған ерлер гимназиясы орналасты.
1919 жылғы Қызыл әскерлердің қаланы қорғау кезеңінде атаулы ғимаратта еріктілер мен жұмысшылар дружиналары жасақталды.
1919 жылғы 14 желтоқсанда Карев үйінің екінші қабаты Карл Маркс атындағы Еңбек сарайының пайдалануына берілді. Азамат соғысынан кейінгі және 50 – ші жылдарды қосып есептегенге дейін мерзім бойына үшінші қабат қонақ үй болып қала берді. Мұнда Орал қаласына келген көптеген даңқты жазушылар: С.Сейфуллин, П.Вершигора, Н.Рыленков, Е.Пермитин, Т.Жароков, Г.Мүсірепов, Х.Есенжанов, А.Алдан-Семенов және басқалар мейман ретінде тоқтады..
Ұлы Отан соғысы кезінде ғимарат түгелдей әскери госпиталге берілді, ал 1944 жылы оған облыстық кітапхана қоныс аударды.

Қазіргі уақытта ғимараттың бірінші қабатынан бастап, екінші және үшінші қабаттарында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония мен Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыыми кітапханасы орналасқан.