KAZ | RUS

Кітапхананың оқу залында 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай «Ұлы ерлікке тағзым» атты кең көлемді кітап көрмесі мен өлкетану әдебиеттері бөлімінің жанынан құрылған «Әдеби шаңырақ» жобасы аясында халқын қалтқысыз сүйген, ұлтының шынайы сүйіспеншілігіне бөленген ұлы жүректі азамат, көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиевке арналған «Жұбан жауынгер» атты тақырыптық кеш өтті.

Мақсаты: Бүгінде ерлікті, батырлықты, күш- қуатты жырға қосып, «құласа да қайта тұрып» өзінің қазақ екенін жан дауысымен қуана, шаттана жеткізе білген, заңғар азаматты мақтанышпен еске алу. Аталмыш шара «Ұлы ерлікке тағзым» атты кең көлемді кітап көрмені өлкетану әдебиеттері бөлімінің библиографы Р.Ахметованың таныстыруымен ашылды. Кітап көрмесіне Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстан халқының ерлігі мен қасіреті, Ұлы Отан соғысына аттанған Ақжайық өңірі жауынгерлері туралы әдебиеттер қойылса, көрменің бір бөлімі қазақтың аса көрнекті ақыны, халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтің өмірі мен шығармашылығына арналды.
Тақырыптық кештің барысында келген қонақтар Еңбек ардагері, ақынның жерлесі Ғазез Хаймолдин, еңбек ардагері, журналист, ұстаз Социал Пұсырман, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы ақын өмірі мен шығармашылығы, Жұбан ақынның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлік қызметі туралы оқырмандарға кеңінен әңгімелеп берді. Сондай-ақ шара барысында Ғ. Құрманғалиев атындағы филармония әншісі Ақмарал Ахметова М. Балтердің «В лесу прифронтовой» әнін әуелете шырқап, «Инабат» би ансамблі «Дети Войны» биін әсерлі етіп мың бұрала билесе, «Мәншүктің монологін» М.Өтемісов атындағы БҚМУ-нің студенті Пахман Назгүл, Жұбан ақынның батырлық, ерлік туралы өлеңдерін Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің студенті Шақан Ниетбай, Батыс Қазақстан инновациялық–технологиялық колледжінің студенттері Гүлфариза Байсейітова мен Мұратбек Латиповтар мәнерлеп оқыды. Кешке зиялы қауым өкілдері, оқу орындарының студенттері, БАҚ журналистері қатысты. Кеш өте әсерлі өтті.