KAZ | RUS

Асыл жан, қаламы қайратты жыр жүйрігі, Нарын құмында дүниеге келген Нарынның нар ұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайрат Жұмағалиевтің 80 жылдығына арналып, барлық өңір кітапханаларында бір мезетте «Қазақтың Қайрат ақыны» атты Акция өткізілсе, сондай шара Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапханада өтті.

Қайрат ақын атақсыз, сыйлықсызақ халықтың жүрегіне әлдеқашан жол тауып алған қабырғалы қаламгер еді. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген бір ауыз өлеңі әнге айналып, әр қазақтың ауылында шырқалған сәтте-ақ ол Халық жазушысына айналып жүре берген. Оның том-том өлең, дастандары, қалыңдығы кереқарыс аудармалары, осы халықтық абыройдың сыртындағы тындырған шаруалары қаншама. Балалар әдебиетіне қосқан үлесін де қом¬сынбайтын күйге жеткізген еңбек-торысы осы Қайрат ағамыз еді. Еш еңбегін ешкімге міндетсімеген қарапайым қалпында өмірден өтті.Оның шынайы поэзиясы оқырман жүрегінен жол тауып, күллі қазақ елінің рухани байлығына айналды. Әдебиетте жарты ғасырға жуық уақыт өнімді еңбек еткен Қайрат Жұмағалиевтің өнегеге толы өміршең өлеңдерін мәңгіліктің көшінен қалдырмай, кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында өтіп отырған Акция аясында облыс кітапханаларында ақын шығармаларын насихаттауға арналған 150-ге тарта кітап көрмесі, әдеби-поэзиялық, тақырыптық, онлайн әдеби кештері т.б шаралар оздырылды. Кітапханада ұйымдастырылған кешке ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, студент жастар қатысты. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында әдебиетке келген тегеурінді топтың қатарында Қайрат ақынның шоқтығы биік болып, поэзия әлемінде алдыңғы лектен көрінгендігін жеткізді. Облыс кітапханаларында ақын Қайрат Жұмағалиевтің өмірлік белесі аталып өтуде. Осының бәрі - өткенімізді қастерлеп, өлкеде жарқын із қалдырған бірегей тұлғаларымызды қадірлеу деген сөз. Күні кеше арамызда жарқылдап жүрген ақын ағамыздың есімі ешқашан ұмытылмайды», деді БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын Айсұлу Қадырбаева, жазушы Мира Шүйіншәлиева, филология ғылымдарының кандидаты, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті Азамат Мамыров Қайрат Жұмағалиевтің шығармашылық қырлары мен кішіпейіл де ақжарма мінезіне, адами қадыр-қасиетіне тоқталып, ақын өлеңдері қазақ халқымен бірге жасай беретінін атап өтті. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғ.Сейтақ ақынға арналған төл шығармасын оқыса, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, «Шолпан» балабақшасының бүлдіршіндері ақын өлеңдерін оқыды. «Қайраттың өзі болмаса да, соңында сөзі қалды. Өлеңдері қалды. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», деп ұлы Абай айтқандай, оның 80 жылдығына арналған шаралар театр, мектеп, кітапханаларда өтуде. Міне, бұл - ақын жырларының мәңгі өлмейтіндігінің айғағы. Сол үшін алғысымды білдіремін», деді ақынның жары София Нығметоллақызы. Шараға қатысушылар назарына Қайрат Жұмағалиевтің шығармашылығына арналған кең көлемді кітап көрмесі, ақын туралы слайд-видео, бейне-баян ұсынылып, ақынның шығармашылығын насихаттауға арналған облыстық кітапхана қызметкерлері әзірлеген «Әуезі бөлек, жыры ерекше ақын» тақырыбындағы мультимедиялық әдістемелік құрал таныстырылды. Сондай-ақ Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншісі А.Қайырханов ақынның өлеңіне жазылған М.Омаровтың «Анашым» әнін орындады.