KAZ | RUS

Кітапхананың мәжіліс залында «Өлкетану» клубының ұйымдастыруымен «Ескерткіштер ел тарихы» атты дөңгелек үстел өтті.

Шараның мақсаты оқырмандарды ескерткіштер тарихын зерттеушілермен таныстыру, жастарымыздың туған жеріне, өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттырып, рухани тәрбие беру. Тарихи құндылықтарымызды бағалап, қамқорлық таныту.
         Дөңгелек үстел барысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани қазына» мақаласына орай қабылданған «Рухани қазына» бағдарламасы аясында өлкеміздегі қасиетті орындарды анықтау және көне ескерткіштерді қорғау жайында сөз болды.     
        Кеште «Дана.кaz» журналының бас редакторы, «Егемен Қазақстан» газетінің БҚО-дағы меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы Айшуақ, Есімхан, Жантөре хандардың құлпытастары туралы әңгімелесе, «БҚО тарихи-мәдени мұраларын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы»  КММ-сінің бас инспекторы Ерұлан Орынбасар жалпы облысымыздағы ескерткіштер саны, олардың мемлекеттік қорғауға қаншасы алынғандығы жөнінде мағлұмат берді. Сонымен қатар кешті жүргізіп отырған «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының директоры Айболат Шамұратұлы Курумбаев Бөкей ордасындағы кейбір беймәлім ескерткіштер мен құлпытастар  туралы айтып өтті. «Орал өңірі»  газетінің тілшісі Нұртас Сафуллин өз туған жері Қаратөбе өңірінің қасиетті орындары туралы әңгімеледі. Кешке қатысып отырған М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ жанынан құрылған «Ақиқат» жастар қоғамдық бірлестігінің мүшелері де өз ойларымен бөлісіп, кешке белсене  қатысты.
    Отырыс соңында кітапхана директорының орынбасары Сара Көшәліқызы Кенжебаева ақпараттық орта қалыптастыру, кітапхана сайтында өлкенің тарихи ескерткіштері туралы толық мәліметтер базасын жасақтау жайынде сөз қозғады.
      Шарада  «Тарихы терең сырлы өлке» атты кітап көрмесі жасақталып, слайд көрсетілді.