KAZ | RUS

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтың туған күніне орай «Артында өшпейтұғын сөз қалдырған» атты дәстүрлі облыстық «Жұбан оқулары» байқауы өтті.

4-5 қазан күндері Орал қаласының әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның кіші залында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтың туған күніне орай «Артында өшпейтұғын сөз қалдырған» атты дәстүрлі облыстық «Жұбан оқулары» байқауы өтті. Биылғы Жұбан оқуларының ерекшелігі - ақынның патриоттық және адамгершілік, туған елді және ана тілді қастерлеу, әйел, анаға деген құрметті бейнелейтін өлеңдерін көбірек жатқа оқитын оқырмандардың мәртебесін көтеру. Байқауға қатысушылардың жасына шектеу қойылмады.
«Жұбан оқуларының» мақсаты ақын шығармалары арқылы Отанды, кіндік қаны тамған туған топырақты қастерлеуге, тілді құрметтеуге, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан барша ұлттар мен ұлыстарды сыйлауға, тілі мен мәдениетіне құрметпен қарауға үйрету; Жұбан шығармалары арқылы көркем сөз оқу шеберлігін, тіл мәдениетін жетілдіру; Жұбан шығармаларын көп біліп, жатқа оқу қабілетін арттыру, жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту болып табылады. Облыстық «Жұбан оқулары» байқауына жоғары, арнаулы оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары және Ақжайық , Жаңақала, Зеленов, Бөрлі, Казталов, Сырым, Тасқала, Шыңғырлау аудандарынан 26 үміткер қатысты. Байқауға ақын, жұбантанушы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Үзілдік Елубайқызы Елубаева, филология ғылымдарының кандидаты, Батыс Қазақстан инновациялық–технологиялық университетінің оқытушысы Азамат Ыбырайұлы Мамыров, Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және көрнекі ақпараттарды бақылау бөлімінің басшысы Гүлнар Жәрдемқызы Әлжанова, Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Шынар Аманкелдіқызы Шахина, Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қоғам мен байланыс және көпшілік шаралар секторының меңгерушісі Аягуль Рухоллақызы Нуфтуллина қазылық етті. Байқау 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде әр қатысушы өзінің жатқа оқитын өлеңдер тізімін қазылар алқасына ұсынды. Қазылар алқасы әр өлеңнің кез-келген жерінен тоқтатып сұрау арқылы қатысушының дайындығын тексеріп отырды. Қорытынды және жеңімпаздарды марапаттау кезеңі ақын туған күнінде Жұбан саябағында өтті. Бұл шараға өлкетанушы Жайсаң Ақбай, ел ағалары Социал Пұсырман, Жолдығали Утеев, Қайыпхан Досқалиев Жұбан ақын туралы өз естеліктерімен бөлісті. Байқаудың қорытындысы бойынша Бас жүлдені Шыңғырлау ауданынан қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Сейтова Айнур Жасталапқызы иеленсе, бірінші орынды Экономика және ақпараттық технологиялар колледжінің «Құқықтану» мамандығының 1 курс студенті Калиматова Гүлім алды. Екінші орындарды Тасқала ауданы, Мереке ЖОББМ-нің 8 сынып оқушысы Қуспанов Арсен мен Ақжайық ауданы, Қарауылтөбе ауылы, Тайпақ ЖОББМ-нің 8- сынып оқушысы Шалабаева Ақтілекке бұйырды. Үшінші орындарды қаламыздағы Ж. Молдағалиев атындағы №2 ЖОББМ-нің 4 сынып оқушысы Серик Әлихан мен Батыс Қазақстан индустриалдық колледжінің 1 курс студенті Байбөрі Сабыржан бөлісті. Қалған қатысушылар кітапхананың алғыс хатымен, естелік сыйлықтарымен марапатталды. Кеш соңы Ғ.Құрманғалиев атындағы филармония әншілері Жұбан Молдағалиевтың сөзіне жазылған Алтынбек Қоразбаевтың «Қазақстан» әнімен аяқталды.