KAZ | RUS

Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 6-12 қыркүйек күндері сағат 10.00-17.00 аралығында «Ашық есік күні» өтті.

Мақсаты: Жоғарғы және арнаулы оқу орындарына оқуға келген студенттерді облыстық кітапхананың қызметімен, кітап қорын пайдалану тәртібімен, қорға келіп түскен жаңа әдебиеттермен, өлкеге қатысты басылымдармен таныстыру, кітапханаға жазылу мен ақпараттар алу жолдарын түсіндіру. «Ашық есік күніне» қаламыздағы барлық жоғары және арнаулы оқу орындарының 1 курс студенттері мен оқытушылары қатысты. Бұл күндері оқырмандар назарына көрме залында «Жаңа әдебиеттер Сіздер үшін», «Әдебиет – рухани қазынаның алтын діңгегі», электронды кітаптар көрмелері ұсынылса, ақпараттық-библиографиялық бөлімде «Кітапхананың виртуалды анықтамалық қызметінің мүмкіндіктері» практикалық сағаты мен «Цифрлық білім беру ресурстарының жинағы» веблиографиялық көрсеткіштің таныстырылымы өткізілді.
Батыс Қазақстан аймақтық құқықтық ақпарат орталығының қызметкерлері А.Е. Темирханов пен Р.Н. Жумагалиев «Заң» ДБ-ның жаңа іздеу мүмкіндігімен таныстырды. Сондай-ақ оқу залында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау мақсатындағы «Бағдар- нақты, мақсат - айқын» кітап көрмесінің таныстырылымы, Жұбан залына саяхат, өлкетану бағытындағы сирек қормен таныстыру, ноталар мен күйтабақтар көрмесі, «Оқыдың ба – басқаға бер» буккроссингі, кітапхана сайтымен, интернеттегі КазНЭБ, әдебиет порталдарымен таныстырулар жүргізді. «Өлкетану әдебиеттері» бөлім қызметінің басты бағыттары мен әдеби ресурстарымен таныстырып, бөлім жанынан «Әдеби шаңырақ» жобасы мен «Өлкетану» клубы ашылғанын хабарлады. Осы өткен 5 күн ішінде жалпы саны 1200 шамасында студенттер кітапхана қызметімен, бөлімдерімен танысты.