НАУМОВ ГЕОРГИЙ ВАСИЛЬЕВИЧ
(1904-1943)

 Наумов_Георгий_Васильевич 

Георгий Васильевич Наумов 1904 жылы Орынбор облысы, Первомай ауданы, Теплое ауылында дүниеге келген. Оның отбасы Орал қаласына көшіп келеді. Он бес жасынан еңбекке араласты. Қалалық диірменде алғашқы кезде слесарь, кейіннен – механиктің көмекшісі болып істеді.
Кеңес өкіметі тұсында Георгий Наумов аудандық электро-станциясының меңгерушісі, ал Ұлы Отан соғысы алдында облыстық кинопракаттың бастығы міндетін атқарды.
1942 жылдан бастап әскер қатарында болды. Ол кіші лейтенанттар курсын бітіргеннен кейін, Сталинград түбіндегі, Воронеж үшін болған шайқастарға қатысты.
92-ші дивизияның 276-шы гвардиялық атқыштар полкінің алғы тобы Днепрдің оң жақ жағалауында бекініп алды. Бұл топты негізгі күштен оқшаулау, оған көмек және қару-жарақ, оқ-дәрі жеткізуге мүмкіндік бермеу үшін неміс артиллериясы үздіксіз оқ жаудыруда. Снарядтар жарылуының жиілігі сонша, өзен от құшағына айналып, қайнап жатты.
Байланыс взводының командирі лейтенант Георгий Наумовқа алғы топтың командованиемен байланысын үздіксіз қамтамасыз ету жөнінде бұйрық берілді. Жауынгерлердің бір бөлігін өзіміз жағында қалдырып, лейтенант бірнеше ер жүрек жігіттермен жау жағына жүзіп өтті. Днепрден телефон сымын тартты. Байланысшылар батареялардың атқылауына телефон арқылы нысана көрсетіп отырды.
Байланыс жүйесі бірнеше рет үзілді, оны лейтенант Георгий Наумов бастаған взводтың жауынгерлері жаңбырша жауған оқ астында жүріп, талай рет жалғастырды.
Таң ата Георгий Наумовтың қасында екі жауынгер ғана қалды. Тіке түскен зеңбірек оғы телефон сымын тағы да үзіп жіберді. Байланыстың бір минутке тоқтатылуына жол беруге болмайды. Лейтенант аппарат жанында бір жауынгерді қалдырды да, өзі екінші жауынгермен үзілген сымды жалғастыруға жөнелді.
Лейтенанттың соңғы серігі де оққа ұшты. Бірнеше жерден оқ тиіп, жаралғанына, қаны ағып әлсірегеніне қарамастан лейтенант сым үзілген жерге жетті. Екі сымды – өзеннің екі жағалауын жалғастырды.
Ол жауынгерлердің атакаға қалай шыққанын жауды қалай шегіндіріп тастағанын көрген жоқ. Оның  көзіне шалынған соңғы көрініс – зеңбірек оғы тиіп суға сұлай құлаған өзен жары.
Лейтенант Георгий Наумов өзінің жауынгерлік міндетін қасық қаны қалғанша адал орындады. Днепрден өту кезінде көрсеткен батылдығы мен ерлігі, маңызы зор соғыс  операциясы кезінде байланысты жанқиярлықпен қамтамасыз еткені үшін Георгий Васильевич Наумовқа қайтыс болғаннан кейін 1944 жылы 22 ақпанда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Днепропетровск облысы, Верхнеднепровск ауданы, Калужина ауылында жерленген.
Ленин орденімен, медальдармен марапатталған. Батырдың туған жері Теплое ауылында оның тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылған, оның аты көшеге берілген, аудан орталығы Первомайскіде обелиск орнатылып, Георгий Наумовтың есімі жазылған.

Әдебиеттер тізімі

  1. жыл

1.Днепр жағасында: [Кеңес Одағының Батыры Г. Наумов туралы] // Орал
өңірінің батырлары.-Орал, 1965.-37-38 б.
1969 жыл
2.Наумов Георгий: өмірдерек  // Совет Одағының қазақстандық Батырлары.-
Алматы: Қазақстан, 1969.-Т.1.-101-102 б.
1985 жыл
3.Қайырғалиев М. Өшпес даңқ: [Ақ Жайық өңірінің Батыры Г.В. Наумов
жөнінде] // Орал өңірі.-1985.-5 сәуір.
2005 жыл
4.Наумов Георгий: өмірдерек // Ақжайық ақберендері.-Алматы: Өлке, 2005.-
30 б.
2010 жыл
5.Наумов Георгий: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.-
Алматы: Арыс, 2010.-406 б.
6.Наумов Георгий: өмірдерек // Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары.-
Алматы: Өнер, 2010.-177 б.