Бөкей орда ауданыimage

 

 

20 ғ. бас кезінде Бөкей Ордасы көптеген өзгерістерді басынан өткерді.

1925 жылы Бөкей губерниясы таратылып, Орал губерниясының құрамына енгізілді. 1928 жылы Бөкей уезінің аты Орал облысының Орда ауданы болып өзгертілді. Осы уақыттан бастап Бөкей ордасы атауы жойылды.

2001 жыл ордалықтар үшін екі бірдей қуаныш әкелді. Оның бірі — Тәуелсіздіктің 10 жылдығы болса, екіншісі — Орданың 200 жылдығына орай Бөкей Ордасы атауы қайтарылып берілді. Кең байтақ қазақ даласының батыс бөлігінде орналасқан шежіресі бай, табиғаты сұлу өлке - Бөкей ордасы ауданы. 19 ғ. мәдениет, өнер, білім орталығы болған ғажайып өлкенің тарихы тереңнен бастау алады.

1941—45 жж. Ұлы Отан соғысы жылдары Орда ауданы Қазақстандағы соғыс жағдайына келтірілген бірден-бір аудан болды. Ордалық 2000-нан астам азамат туған Отанын қорғауға аттанды. Соғыстан кейінгі кезеңде ел шаруашылығын көтеріп, нығайтуда аянбай еңбек еткен 25 ордалыққа Кеңес Одағының ең жоғарғы наградасы — Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Орда тарихының қасіретті беті — Капустин Яр полигоны. 1948 ж. полигонға берілген аудан аймағында жер асты, жер үсті сынақтары жүргізіледі. 1952 жылы ауданның 19 колхозы күшпен өзге аудандарға көшіріледі. 1990 жылдың мамырында Т. Махимовтың жетекшілігімен «Нарын» қоғамдық қозғалысы құрылады.

Орда — талантты ұлы тұлғалардың мекені. Осы өлкеден қазақтың белгілі күйшілері Құрманғазы, Дина, Сейтек, Науша, домбырашылар Ж. Теміралиев, Е. Қазиев, Халық артисі, актриса Х. Бөкеева, қазақтың тұңғыш дирижері Ш. Қажығалиев, халық композиторлары Б. Жұманиязов, М. Сағатов, медицина саласының озық қызметкерлері А. Герасимов, Х. Бөкейханов, білім беру ісінің үздіктері Ғ. Зарипов, М. Кульбацкая, Орда музейін ұйымдастырушы А. Тажетдинов, ауыл шаруашылығының озаттары К. Меңдәлиев, Р. Егізбаев, ақындар Т. Жароков, С. Даумов, Қ. Жұмағалиев, т.б. шықты.

.

 

.