Казталов ауданыimage

  Казталов ауданы - Батыс Қазақстан облысының батысында орналасқан әкімшілік-аймақтық бөлік. Алғаш 1928 жылы құрылған. Кейін (1997) Жалпақтал (бұрынғы Фурманов) ауданы таратылып, оның негізінде Казталов ауданы бұрынғы аумағын кеңейтіп қайта құрылды. Жерінің аумағы 18,8 мың км2. Тұрғыны 38,8 мың адам (1999). Аудандағы 58 елді мекен 16 ауылдық әкімшілік округке біріктірілген. Орталық – Казталовка аулы. Аудан жері жазық. Каспий теңізінің Солтүстік бөлігін қамтиды. Ең биік жері ауданның батысында (абсолюттік биіктігі 42 м). Жер қойнауынан құрылыс материалдары өндіріледі. Климаты тым континенттік: қысы суық, жазы ыстық, қуаң. Ауданның орташа температурасы қаңтарда –13 – 13,50С, шілдеде 240С. Жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері 200 – 250 мм. Аудан жерімен Қараөзен, Сарыөзен, Ащыөзен, Жайықтың Көшім тармағы және олардың салалары ағып өтеді. Ірі көлдері: Мерекекөл, Қаракөл, Сарышығанақ, Балықты Сарқыл. Жері, негізінен, қызыл қоңыр, қоңыр, сортаң, сор топырақты. Онда боз, жусан, бетеге, еркекшөп, өзен жайылымдарында және көлдерді жағалай қамыс, құрақ аралас шалғынды шөптер өседі. Жабайы аңдардан қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян, доңыз, ақбөкен, борсық, саршұнақ, аламан, өзендерде шортан, алабұға, сазан, т.б. балықтар кездеседі. Құстардан қаз, үйрек, аққу мекендейді. Тұрғындарының орташа тығыздығы 1 км2-ге 2,0 адамнан келеді. Ірі елді мекендері: Казталовка (5,0 мың адам), Бостандық (2,3), Жалпақтал (5,2), Қошанкөл (1,5), Қараоба (1,4). Аудан етті-сүтті мал, қой, жылқы және астық өсіруге маманданған. Ауыл шаруашылығына жарамды жері 1,78 млн. га, оның ішінде егістігі 25,7 мың га, шабындығы 200,9 мың га, жайылымы 1,47 млн. га-ны құрайды. Аудан аумағындағы бұрынғы (1997 жылға дейінгі) 2 ұжымшар, 14 кеңшар, 2 бордақылау бірлестіктері 30-дан астам шаруа қожалықтарына қайта біріктірілген. Жалпы білім беретін 54 мектеп, оның ішінде 25 орта, 6 орталау, 23 бастауыш, 1 кәсіптік-тех. мектептер бар. 2 мәдениет үйі, 37 кітапхана, 39 клуб, 4 кинотеатр, 2 музей жұмыс істейді. Емдеу орындарынан ауданы аурухана мен 2 емхана, 14 фельдшер-акушерлік пункт бар. Аудан жерімен Жәнібек – Казталовка, Жалпақтал – Чапаев – Казталовка, Жалпақтал – Талдыбұлақ автомобиль жолдары өтеді.

.

 

 

 

 

.