Жаңақала ауданыimage

   Аудан 1930 жылы құрылған. Ауданның аумағы 20,8 мың шаршы км тең.  2005 жылдың 1 қаңтарына қаланың халқы 23,7 мың адамды құрады. Халықтың орташа тығыздығы (1 шаршы км аумақта) 1,1 адамды құрайды. Аудан аумағы Каспий маңы ойпатында орналасқан. Жердің беті негізінен тегіс, бірақ Каспий жағында, оңтүстікке қарай болмашы төмендейді.

Аудан аумағы жер бедеріне қарай солтүстік, оңтүстік бөліктерге бөлінеді. Солтүстік бетте жер бедері негізінен тегіс, оңтүстік жағы құмды, құмайтты келеді. Көшпелі құмдардың ауданы көбіне 2 шаршы км дейінгі көлемді құрайды. Шағылдардың биіктігі шамамен 3-6 метр.

Ірі өзендер: Үлкен Өзен – ұзындығы 70 км, Кіші Өзен – ұзындығы 60 км, Көшім – жалпы ұзындығы - 90 км, Мұқыр – ұзындығы 25 км Ауданның негізгі топырағы ашық, сұрғылт топырақты, сортаң, сорлы, боз топырақты болып келеді. Өсімдіктер, негізінен бидайық, ақселеу, сүттеген араласқан сұрғылт жусан шөптерінен тұрады. Аудан орталығы 1972 жылы құрылған Жаңақала кентінде орналасқан, аудан орталығынан Орал қаласына дейінгі қашықтық – 252 км. Ауданда 9 поселкелік және ауылдық округтар бар.
Шаруашылықтардың негізгі бағыты – мал шаруашылығы. Қысы жұмсақ, қар аз түседі, ол қой, етті ірі қара және жылқы шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Дала шаруашылығының жем-шөп, азықтық маңызы бар.

Мамандандыру
Жаңақала ауданы - мал шаруашылығы бағытындағы жартылай шөлейтті III ауыл шаруашылық аймағына жатады (облыстың оңтүстік бөлігі). Бұл аймақ азықтық-жемдік дақылдар, күздік қара бидай мен арпа өсіре отырып, топырақ қорғау жүйесімен айналысады. Көкөніс-бақша өнімдері ішкі қажеттілік және оларды базарларға өткізіп сату үшін өсіріледі. Етті ірі қара, етті-майлы қой тұқымдары, түйе, табынды жылқы шаруашылығы мал шаруашылығы өнімдерін өндірудегі басымды бағыттар болып табылады. Ауданда асыл тұқымды Еділбай қойының Бірліктік типі және Көшім тұқымдас асыл тұқымды жылқы малдары өсіріледі.

.

 

.