на главную

Жұбан Молдағалиев залы

Жұбан Молдағалиев залы «Мен –қазақпын. Өз халқымды мақтан етемін. Маған оның көп қатпарлы тарихы қымбат, ал оның бүгінгі тарихы одан да қымбат» - деп ақиық ақын Жұбан Молдағалиев өзінің жүрекжарды сөзін туған халқына арнаған еді. Ол өзінің халқына, жүрегі Отан деп соғатын әрбір азаматтың жүрегінде мәңгі өшпейтін мұра қалдырды. Жұбан Молдағалиев поэзиясы арқылы қазақ халқының өткені мен бүгіні қазақ әдебиетінің жарқын беттерінен орын алды. Жұбан Молдағалиев Жайық өңірінің тумасы, сондықтан да бұл тарихи дерек – батысқазақстандықтар үшін зор мақтаныш. Ақын өмірінде Орал қаласындағы облыстық кітапхананың алар орны ерекше. Туған өлкесін аралаған кезде ақын міндетті түрде біздің кітапханаға келіп, кітапханашылармен, оқырмандармен кездесіп, кітаптарын сыйға тартты. Жұбан ақын: «Мен осы кітапханаға өмір бойы қарыздар болып өтетін адамның бірімін. 1936 жылы алыстағы ауылдан келіп, оның қасиетті табалдырығын аттағанда мен бір ғаламат жарқын дүниеге, ертегілер әлеміне кіргендей болдым. Осында әдебиеттің небір нұрлы бұлағынан сусындап, сол арқылы ақындық қияға қанат қақтым, осының залында алғашқы өлеңдерімді жаздым. Мың сан рахмет! Мен осынау мәдениет ордасына зор табыс тілеймін, халықты білім бұлағынан сусындата берсін», –деп өзінің кітабына жүрекжарды қолтаңбасын қалдырды. Жұбан аға Орал ауыл шаруашылық техникумында оқып жүріп, көп уақытын кітапхананың оқу залында өткізген. 2000 жылдан бері кітапхана Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен жерлес ақын Жұбан Молдағалиевтің есімімен аталады. 2010 жылы ақынның 90-жылдық мерейтойы қарсаңында салтанатты түрде кітапханада Жұбан залы ашылды. Зал Жұбан Молдағалиев шығармашылығын мәңгі есте сақтау, оқырмандарға насихаттау мақсатында құрылды. Мұнда ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған зерттеулер, жеке заттары, фотосуреттері, қолжазбалары, марапаттары қойылған. Залдың экспозициялары «Қазақтың қыран перзенті», «Жанұям алтын бесігім», «Азат етем жерімді», «Ғасырдың ғажайып тұлғалары», «Достар, достар», «Жолдас қазақ! Дос қазақ! Бауыр қазақ!», «Туған ел құшағында», «Мен мыңда бір тірілдім» бөлімдеріне топтастырылған. Экспозициялар үнемі жаңартылып, толықтырылып отырады. Тарих көші ілгері жылжыған сайын сан ғасырға куә болған Жұбан кітапханасы өз оқырмандарына баға жетпейтін қазынасын ұсынып, білім мен өнерге тәрбиелеп, болашаққа табыс пен жетістіктерге толы ілгері қадам басып келеді. Мұражайға ақынның отбасы, жұбайы София Мәлікқызының жеке мұрағатынан берілген жеке, отбасылық суреттері, ақынның өзі тұтынған, ескерткішке берілген заттары қойылған, ақынның мерейтойына арнап бюст жасалды. Ақынның әскер қатарында жүргенде түскен фотосуреттер. Сонымен қатар ақынның жұмыс орнынан көрініс. Жұбан Молдағалиев Орал қаласына келген сайын біздің кітапханамызға соғып тұратын, оралдық оқырмандарға арнап ақынның жазып кеткен тілегі. Сонымен қатар жыл сайын дәстүрлі түрде кітапханамызда ақынның мерейтойы қарсаңында Жұбан оқулары өтіп тұрады. Қазақстан Жазушылар одағының І-ші хатшысы болып жургендегі ақын-жазушылармен тускен суреті. - Жерлес ақынымыз Жұбан Молдағалиевке 1965 жылы Өленті совхозы партия ұйымы сыйға берген үлкен сағат; - 1973 жылы Казталов ауданынан суретші С. Садықовтың «Мен қазақпын, мен енді октябрьмін» сыйлығы; - 1976 жылы ақын Ж. Молдағалиевке пединститут студенттерінің ескерткіші «Бүркіт»; - Өзі тұтынған «Қазақ ССР 60 жыл» қаламы қорабымен, қол сағаты қорабымен; - Ақынның туған күнге алған сыйлықтары; - «Ленин ескерткіші» Қаратөбе ауданының Шөптікөл совхозы ұжымынан ескерткіш; - 1962 жылы Балхашский горно-металлургический комбинатының ескерткіші; - Қарағанды облысының металлургия заводы ұжымының сыйлығы (қара түсті темір естелік); - 1980 жылы Қызыл түсті қораптағы үлкен, кіші 2 кілт Орал қалалық компартиясының сыйлығы, 2 кішкентай тақтайшаларымен; - Ж. Молдағалиевке Өленті совхозының ұжымынан құттықтау парағы. Қызыл түсті мақпал папкіде.