Ақ Жайық өңірінің белгілі айтыскер ақыны Шолпан Батырқызы Қыдырниязова 1949 жылы 6 мамырда Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Ақтайсай ауылында дүниеге келген. Шолпанның әкесі – Батыр Қыдырниязов өлең-жырға құмар, әрі журналист болған аудандық айтысына қатынасып отырған. Әкесінен үлгі өнеге алған, жас кезінен сабаққа зерек жас Шолпан мектепте жүріп-ақ өлең жазумен шұғылдана білді. Дос-жолдастары арасында әзіл өлеңдер шығарып отырды.
Шолпан алғашқы рет айтысқа түскенде 17 жаста ғана болатын. Содан бері 30-даған аудандық, облыстық, 6-7 рет республикалық айтыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Орал педагогикалық институтын 1971 жылы бітіргеннен бері халқымыздың төл мұрасы – айтыс өнерін дамытуға белсене кірісіп, бұл бағытта жеткен табыстары мол. 1980 жылы Алматы қаласында Қазақ ССР-інің құрылғанына 60 жыл толу құрметіне арналған ақындар айтысында белгілі ҚР Халық ақыны қызылордалық Манап Көкенов пен сөз сайысқа түсіп, І орынға ие болды. Осы жолы Шолпанға Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мәдениет қызметкері деген атақ берілді.
Шолпан қандайма дәрежеде өткен ақындар айтысы болмасын, өзінің өткір де ұтымды ойларымен қарсыластарын тізе бүктіріп, жеңіске жетіп жүр. Оның жамбылдық Тынышбай Рахимовпен, ақтөбелік Елеусіз Кенебаевпен, шымкенттік Қамал Ендібаевпен айтысқан кезінде айқын көрініп отырады. Ол ақындар айтысында халқымыздың бай ауыз әдебиетінің алтын мұрасын терең оқып, игергендігін, әдемі әзілімен қарсыласын сүріндіретін өте шебер ақын. Шолпан айтыс кезінде мәдениеттілікті, кішіпейілділікті, инабаттылықты басты парыз деп санайды. Бұл белгілі дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың жақын досы болған Шолпанның әкесі ақын Батыр Қыдырниязовтың әкелік ақылы болатын. Шолпан Қыдырниязова Қаратөбе ауданында аудандық Еңбек туы газетінде жауапты хатшы, бөлім меңгерушісі, кейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Қай жұмыста жүргенде де ақындық өнерін жадынан тыс қалдырған жоқ.
Саз мектебінің жанынан ақындар мектебін ашып көптеген шәкірттер тәрбиелеп отырды. Шолпан өзіне көптеген ізбасар шәкірттер тәрбиелеген ақын. Олардың қатарында Александр Қауенов, Дәметкен Баенова, Жалғас Жантілеуов, Жақсылық Еслямғалиев, Қайырбай Нұрханов, Талант Арғынғалиев, Анаргүл Ержанова, Ертай Беймұханов.
Шолпан Қыдырниязова Орал қаласында еңбек ете жүріп облыстық ақындардың өсіп-жетілуіне, соңғы буын ақындарға ақыл кеңес беріп айтыстың дамуына да көп еңбек етуде. Облыста Шолпан Қыдырниязованың өнерін жалғастырушы іні-сіңлілері көбеюде. Олар: Мэлс Қосымбаев, Жібек Болтанова, Жақсылық Еслямғалиев, Гүлжайна Бисенғалиева, Бауыржан Халиуллин, Талант Арғынғалиев, Айгүл Дүйсенова сынды ақындар. Оның көптеген өлеңдеріне әндер жазылып қазір көпшіліктің орталарында орындалуда. Ән-жырлары газет беттерінде басылуда.
Шолпан Батырқызы талантты айтыс ақыны ретінде республикаға танылды. Ауданда «Айтыс ақыны» атты мектеп ашты.
Бірнеше жыл облыстық Тілдерді дамыту басқармасының төрайымы болды. Тәрбиені балабақшадан бастау мақсатында телевизиялық «Қуыр-қуыр-қуырмаш» секілді цикл бағдарламалар жасауды қолға алды. Орта мектеп оқушыларына, студенттерге, этно-мәдени орталық қызметкерлеріне арналған телевизиялық тегін мемлекеттік тіл курстары жүргізілді. Түрлі байқаулар, онкүндіктер мен айлықтар да мемлекеттік тілді үйретуге арналды.
Шолпан Батырқызы Қыдырниязова «Қазақ КСР-не еңбегі сіңген қызметкер», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «ҚР Конституциясына 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Бірнеше жыр жинақтарының авторы, айтыстары республикалық жинақтарға енген.
Қаратөбе аудандық партия комитетінің мүшелігіне, аудандық халық депутаттары кеңесіне сайланған.
Әдебиеттер:
Қыдырниязова Ш. Жазира: өлеңдер. – Алматы, 1982. – 64 б.
Қыдырниязова Ш. Елігі еркін даланың: өлеңдер, айтыстар, әндер. – Орал, 2004. – 198 б.
Қыдырниязова Ш., Мұштанова Д. Қос қанат: өлеңдер, айтыс, жұмбақтар, мақалалар. –
Орал, 2010. – 328 б.
Қыдырниязова Ш. “Тәрбие сағатын жастар үшін жазамын”: Ақын Шолпан Қыдырниязованың тәрбие сағаттары // Дана KAZ. – 2017. – №5(35). – Б. 27 – 29.
Қыдырниязова Ш. “Елбасының ана тілі туралы азаматтық сөзі шабыттандырды”: айтыскер ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, “Құрмет” орденінің иегері Шолпан Қыдырниязовамен сұхбат // Орал өңірі. – 2018. – 8 наурыз. Қыдырниязова Ш. Азамат еді-ау // Орал өңірі. – 2018 . – 8 желтоқсан. – Б. 10.
*****
Қыдырниязова Шолпан Батырқызы: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия. – Алматы, 2010. – Б. 373.
Қыдырниязова Шолпан Батырқызы: өмірдерек // Ақжайықтың асыл арулары: энциклопедия. – Алматы, 2013. – Б. 69.
Қыдырниязова Шолпан Батырқызы: өмірдерек // Айтыстың аясында ару Жайық: облыстық ақындарайтысына 40 жыл. – Орал, 1998. – Б.12 -13.
Қыдыршаев А. Текті сөздің шуағы: Белгілі айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шолпан Қыдырниязова туралы // Орал өңірі. – 2019. -30 сәуір. – Б.10.
Құттымұратұлы Қ. Ақынның жаңа кітабы таныстырылды: Орал қаласында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, “Құрмет” орденінің иегері, айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязованың шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш өтті // Егемен Қазақстан. – 2019. – 16 мамыр. – Б. 8.
Мамыров А. Шолпан – жыр, Шолпан – ғұмыр: Шолпан Қыдырниязова – Ақжайықтың ақмаңдай қызы, ақын, қоғам қайраткері // Орал өңірі . – 2019. – 3 мамыр. – Б. 6.
Шолпан – жұлдыз, шолпы – жыр: Жыр тұлпары – Шолпан Қыдырниязова туралы // Орал өңірі . – 2019. – 17 мамыр. – Б. 9.
Шүйіншәлиева М. “Қаратөбенің қасиетінен қорқамын”: Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, “Құрмет” орденінің иегері, “Қаратөбе ауданының Құрметті азаматы”, дәстүрлі айтыс өнерінің ақберені Шолпан Қыдырниязова туралы // Жайық үні. – 2019. – 18 сәуір. – Б. 12 – 13.