Александр Балашов 1925 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Он сегіз жасар солдат соғысқа алғаш рет Украинада кірді. Ол Қызыл Тулы 64-инженерлік-саперлер барлаушылар ротасының барлаушысы болып көптеген шайқастарға қатысты. Және сол бойда жараланып, госпитальге түсті.

1944 жылдың сәуірінде Александр Балашов майданға қайтып оралды. Енді ол армия барлаушыларының дербес отрядының барлаушысы болды. Днестрге Александр Балашов тапсырма алып, оны орындауға аттанды. Дұшпанның күшінің қанша екендігі және қалай орналасқаны жөнінде мәлімет алу керек. Барлаушылар бұл тапсырманы ойдағыдай орындап шықты. Мұның өзі бөлімшелердің Днестрден өтуін жеңілдетті. Осындай ерлігі үшін барлаушылар жоғары үкімет наградасына ие болды.

1944 жылдың тамызы бөлімшелер Висла өзенінен өтіп, шабуылға дайындалып жатты. Осы кезде немістер қарсы шабуыл әзірлеуде деген хабар түсті. Жаудың ойын анықтау керек болды. Бұл үшін үш топ барлаушылар жіберілді. Оның бірін Александр Балашов басқарды.

Тамыздың қараңғы түндерінің бірінде барлаушылар майдан шебінен өтті. Төрт тәулік бойына олар дұшпан әскерлерінің жүріс-тұрысын бақылады. Ақырында немістердің бірнеше солдаттары мен офицерлерін ұстап, олардан көптеген мәліметтерді қолға түсірді. Сөйтіп бесінші тәулік дегенде қажетті мәліметтерден құнды болғандығы соншалық, жаудың қарсы шабуылын жан-жақты әзірлікпен қарсы алып, қатты тойтарыс берді.

Висла өзенінен өткеннен кейін Александр Балашов бірден екі «Даңқ» орденін алды. Оның біріншісі – Днестрден өту кезіндегі, ал екіншісі – Висла өзені бойындағы ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін берілді.

Берлинге шабуыл басталған кез болатын. Тағы да Одер өзенін кесіп өтуге тура келді. Берлинге жақын жердің бірінде, аса маңызды майдан алаңында жауынгерлеріміз кідіріске ұшырады. Көпірге мина қойылған болып шықты. Соның салдарынан екі танкі минаға ұрынып, қирап қалды. Ішінде Александр Балашов бар бір топ саперлер мен барлаушыларға көпірді минадан тазарту тапсырылды. Жаңбырша жауған оқтың астында жүріп, олар көпірді минадан тазартып шықты. Осы жолғы ерлігі үшін Александр Балашов бірінші дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды.

Соғыстан кейін Александр Балашов А.С. Пушкин атындағы педагогикалық институтты бітіріп, мұғалім болып жұмыс істеді. Дарынды журналист және жазушы, оның шығармалары облыстық және республикалық басылымдарда жарияланды.

Александр Балашов 1999 жылы 3 ақпанда қайтыс болды.

Әдебиеттер тiзiмi

1965 жыл
1.Даңққа бөленген солдат: «Даңқ» орденінің толық кавалері Александр Балашов туралы // Орал өңірінің батырлары.-Орал, 1965.-65-66 б.

2005 жыл
2.Балашов Александр: өмірдерек // Ақжайық ақберендері.-2005.-Алматы: Өлке, 2005.-49 б.

2010 жыл
3.Балашов Александр: өмірдерек // Жеңімпаздар-Победители.-Орал, 2010.-50 б.