Александр Щурихин 1923 жылы Батыс Қазақстан облысы, Чапаев (қазіргі Ақжайық) ауданы, Коловертное кентінде дүниеге келген. Александр Щурихин дәрігер де, инженер де, агроном да болуды арман ететін. Бірақ, соғыс ол ойын жүзеге асырмай тастады. Оралдағы №11 орта мектептің жетінші сыныбында оқып жүрген кезінде соғыс басталды.
Александр Щурихин еріктілер қатарында соғысқа баруды өтініп арыз берді. Жасының жетпеуіне байланысты армия қатарына алынбады. Содан кейін ол Подстепное ауылындағы трактористер даярлайтын курсқа түсті.
Александр Щурихин 1942 жылдың 23 тамызда механизаторлық курсты бітірген бойда армия қатарына алынады. Оның әскерлік жолы барлаушы болудан басталды. Аға лейтенант Малыгин қарауындағы Александр Щурихиннің бойындағы батылдық, тапқырлық қасиетін сезе білді.
1944 жылы Совет Армиясының соққысына төтеп бере алмаған неміс басқыншылары батысқа қарай шегіне бастады. Гвардия сержанты Александр Щурихин бұл күндерде барлаушылар бөлімшесін басқаратын. Олар жау тылына жиі өтіп, маңызды мәліметтерді уақытылы жеткізіп тұрды.
Буг өзенінен өтер кезде, Александр Шурихин төрт барлаушымен жау тылына бірінші болып өтіп, күтпеген жерден оқ жаудырды. Кенет болған бұл оқиғадан жау қатты үрейленді.
Атқыштар полкы шабуылмен Прут өзеніне шықты. Әдеттегідей Александр Щурихиннің барлаушылары өзеннен бірінші болып өтуге бұйрық алды. Олар түн қараңғылығын жамылып, өзеннің арғы бетіне өтті. Барлаушылар төменгі беттен тылдан оралып келе жатқан жаудың үлкен бір тобын байқап қалды. Сол бойда полк командиріне немістер туралы хабаршы жіберілді де, барлаушылар қорғанысқа көшті. Александр Шурихиннің бөлімшесі көмек келгенше ерлікпен күресті. Жау талқандалып, алпыс неміс солдаты қолға түсірілді.
Бұл соғыста асқан ерлік көрсеткені үшін 1944 жылы 13 қыркүйекте Александр Щурихинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин, 2-дәрежелі Даңқ ордендерімен марапатталған.
Александр Щурихин жеңіс күнін көре алмады. 1945 жылы Румынияны неміс басқыншыларынан азат етіп жатқан кезде, кезекті тапсырманы орындауға аттанады. Бірақ, қайтып оралмады. Батыл барлаушының қалай қазаға ұшырағанын ешкім білмейді. Батырдың денесі Солтүстік Трансильваниядағы Фроше-Валке ауылының маңынан табылған, сол жерде жерленген.
Орал қаласындағы анасы Акулина Семеновна тұрған көше Александр Щурихиннің атымен аталады, №11 мектепте мемориалдық тақта орнатылған.
Әдебиеттер тiзiмi
1965 жыл
1.Қайтып оралмады..: [Кеңес Одағының Батыры А. Шурихин туралы] // Орал өңірінің батырлары.-Орал, 1965.-63-64 б.
1966 жыл
2.Ашғалиев М. Батырдың анасы тұратын үйде // Орал өңірі.-1966.-12 мамыр.
1969 жыл
3.Шурихин Александр: өмірдерек // Совет Одағының қазақстандық Батырлары.-Алматы, 1969.-Т.2.-419-420 б.
1985 жыл
4.Ізімов М. Тоқтатпас жүрек соғуын: [Ақ Жайық өңірінің Батыры А.Шурихиннің ерлігі туралы] // Орал өңірі.-1985.-10 сәуір.
2005 жыл
5.Шурихин Александр: өмірдерек // Ақжайық ақберендері.-Алматы: Өлке, 2005.-43 б.
2010 жыл
6.Шурихин Александр: өмірдерек // Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары.-Алматы: Өнер, 2010.-271 б.
7.Шурихин Александр: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.- Алматы: Арыс, 2010.-534 б.