Алексей Стрижаченко 1911 жылы Черкасск облысының Белоозерье ауылында дүниеге келген. Ол Алматы қаласындағы кооператив техникумын бітіріп, 17 жасында құюшы болып еңбек еткен. 20 жылдардың аяғында Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, «Новежиття» коммунасына қоныс аударды. Колхоздың төрағасы, Подстепное ауылында тұтынушылар одағының төрағасы болып қызмет атқарды.

1941 жылы 20 қазанда Алексей Стрижаченко армия қатарына шақырылады. Ол атты әскер взводының командирінен рота, батальон, полк командиріне дейін өсті.

1942 жылы Совет әскерлері Сталинград маңына шоғырланды. Дондағы Клецк мен Серафимович ауданында фашистер армиясына соққы беруге әзірлік жүріп жатты. Ол кезде лейтенант Алексей Стрижаченко танкіге қарсы атқыштар ротасының командирі болатын. Сол күні Алексей Стрижаченко бастаған сібірліктерден құрылған рота алға батыл ұмтылып, жауды қорғаныстарынан айдап шықты, қашуға мәжбүр етті. Сұрапыл ұрыспен рота сол күннің кешіне дейін 18 километр ілгері жылжыды. Елистратово станциясын жаудан азат етті.

Лейтенант тобы екі генералды, 90 офицерді, 1020 солдатты қоршауға алып, қолға көптеген қару-жарақ түсірді.

Соғыста көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін Алексей Стрижаченкоға 1944 жылы 19 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Соғыстан кейін М.В. Фрунзе атындағы әскери академияны бітірді. Майор Алексей Стрижаченко 1946 жылы запасқа шығып, Алматыға көшіп келеді.

Алексей Стрижаченко Ленин, Қызыл Ту, Отан соғысы 1, 2-дәрежелі ордендерімен марапатталған.

Әдебиеттер тiзiмi

1965 жыл
1.Батыр командир: Кеңес Одағының Батыры А. Стрижаченко туралы // Орал өңірінің батырлары.-Орал, 1965.-45-46 б.

1967 жыл
2.Стрижаченко А. Туысқандық бірліктің арқасы // Орал өңірі.-1967.-10 қазан.

1969 жыл
3.Стрижаченко Алексей: өмірдерек // Совет Одағының қазақстандық Батырлары.-Алматы, 1969.-Т.2.-261-262 б.

1985 жыл
4.Айтмұхамбетов М. Ұшқыр қимылмен // Орал өңірі.-1985.-14 мамыр.

2005 жыл
5.Стрижаченко Алексей: өмірдерек // Ақжайық ақберендері.-Алматы: Өлке, 2005.-36 б.

2010 жыл
6.Стрижаченко Алексей: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.-Алматы: Арыс, 2010.-471 б.
7.Стрижаченко Алексей: өмірдерек // Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары.-Алматы: Өнер, 2010.-225-226 б.