Бекқайыр Аманшин 1924 жылы 11 қарашада Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданындағы Бетпақкөл ауылында туған. ҚазПИдің филология факультетін бітірген (1953). 1942–1953 жж. партия кеңес қызметтерінде, 1953–
1954 жж. Қазақ мемлекеттік баспасында, 1954–1959 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеген. 1959–1965 жж. Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы, 1966–1971 жж. «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, 1971–1973 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің өнер жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары, 1973–1979 жж. «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналының бөлім меңгерушісі, біраз жыл Қазақстан Жазушылар одағының кеңесшісі қызметтерін атқарған.
Тұңғыш өлеңі Атырау облыстық газетінде 1942 жылы жарияланған. Тұңғыш жинағы «Өлеңдер» 1954 жылы жарық көрді. Бұдан кейін «Бұтақтағы бұлбұлдар» (1958), «Жетісу – Жайық» (1961), «Менің өмірбаяным» (1965), «Менің Маңғыстауым» (1972), т.б. прозалық жинақтары, «Махаббат мұңы» (1968), «Көкжар» (1971) повестері, «Махамбеттің тағдыры» (1987) романы басылды. Балаларға арналған «Жылқы фермасында» (1955), «Ботақан» (1964) аталатын өлең жинақтары бар. «Таныстық керек», «Жақия – Исатайдың баласы», «Жылама, Дәмеш» (М.Гeршпен бірігіп жазған) ьесалары республикалық театрлар сахнасында қойылған. Ол Махамбет пен Ығылман ақын шығармаларын жариялауда елеулі қызмет атқарды. «Игорь полкі туралы сөзді», А.С.Пушкин, Л.Н.Толстой, С.Юлаев, т.б. шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті. Шығармалары бірқатар шетел тілдеріне аударылған. Өзі дүние салғаннан кейін «Махамбет тағдыры» атты шығармалар жинағы жарық көрді (1991).
Әдебиеттер:
Аманшин Б. Ақ жүректер: таңдамалы повестер мен әңгімелер. – Алматы, 1975. – 296 б.
Аманшин Б. Гүл көтерген: әңгімелер мен повесть. – Алматы, 1982. – 96 б.
Аманшин Б. Құтты мекен: поэмалар, өлеңдер. – Алматы, 1984. – 296 б.
Аманшин Б. Исатайдың семсері: драмалық шығармалар. – Алматы, 1990. – 240 б.
Аманшин Б. Қос өзен: поэмалар, өлеңдер. – Ақтөбе, 2004. – 240 б.
*****
Аманшин Берқайыр Сәлімұлы: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.-Алматы, 2010. – Б.134 – 135.
Аманшин Берқайыр: өмірдерек // Қазақстан жазушылары: анықтамалық / құраст.: С.Қамшегер, Қ. Жұмашева. – Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2009. – Б. 29 – 30.