Анатолий Маркович Скоробогатов 1906 жылы Батыс Қазақстан облысы, Камен (қазіргі Тасқала) ауданы, 1-Шежін ауылында дүниеге келген. Шежін ауылының байырғы тұрғындары шофер Анатолий Скоробогатовты жақсы біледі.
Соғыс туралы суық хабар келгенде Анатолий Скоробогатов сапарда еді. Аудандық соғыс комиссариатына майданға жіберуді өтініп, алғашқы келгендердің ішінде Анатолий Скоробогатов та болды. Алғашқы эшелондардың бірімен майданға аттандырылады. Бірақ алдыңғы шепке Анатолий Скоробогатов бірден түсе алмайды, ол танкистер даярлайтын курсқа оқуға жіберіледі. Тек содан кейін ғана гвардиялық танк полкындағы рота командірінің танкісіне механик-жүргізуші болып тағайындалады.
Анатолий Скоробогатов тағайындалған танк полкы майданның ең ауыр участоктарындағы ұрыстарға қатынасып, өзінің ерлік істерімен жеңісті жақындата түсуге үлес қосты.
1944 жылдың маусымы, Кеңес әскерлері барлық майданда да күшті шабуылда. Ішінде Анатолий Скоробогатов та бар танкішілер тобы Ленинград майданында Таммисуо станциясына қарай қатты ұрыста жылжып барады. Гвардия лейтенанты Анатолий Скоробогатовтың танкісі жаудың адам күші мен техникасын қиратып, талқандап келеді.
Іңірде командованиенің қорғаныс шебін бұзып өтуге, алдағы елді пунктті босатуға деген бұйрығы алынды. Әдеттегіше бұзып-жарып Анатолий Скоробогатовтың танкісі алда келеді. Міне екі танкке қарсы зеңбірек, бір миномет расчеті талқандатылды. Жау бар күшімен батырдың танкісін атқылай бастады. Снарядтардың бірі танкіге тиіп, ол жүре алмай қалды. Бірақ танк экипажы оған қарар емес, жауға қарсы оқты боратып жатыр. Анатолий Скоробогатовтың өзі пулеметпен жаудың отыз шақты солдаты мен офицерін өлтірді. Бұл ұрыс жеті сағатқа созылды.
Анатолий Скоробогатовтың танк полкі майданның қиын жерлерінде соғысты, жеңісті жақындатуға зор үлес қосты. Бір ұрыс кезінде оның машинасы істен шықты, бірақ экипаж ұрысты жалғастырып, жаудың 30 солдаты мен офицерін жойды.
Анатолий Скоробогатовқа қайтыс болғаннан кейін 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол Выборгте жерленген. Ленин, Қызыл Ту ордендерімен марапатталған.
Әдебиеттер тiзiмi
1965 жыл
1.Ажалмен арпалысу // Орал өңірінің батырлары.-Орал, 1965.-47-48 б.
1969 жыл
2.Скоробогатов Анатолий: өмірдерек // Совет Одағының қазақстандық Батырлары.-Алматы, 1969.-Т.2.-245-246 б.
1985 жыл
3.Серіков С. Есімін елі жаттаған: Совет Одағының Батыры А. М. Скоробогатов туралы // Орал өңірі.-1985.-21 мамыр.
2005 жыл
4.Скоробогатов Анатолий: өмірдерек // Ақжайық ақберендері.-Алматы: Өлке, 2005.-34 б.
2010 жыл
5.Скоробогатов Анатолий: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.-Алматы: Арыс, 2010.-467 б.
6.Скоробогатов Анатолий: өмірдерек // Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары.-Алматы: Өнер, 2010.-221 б.