Бердегалиева Гульмира Макаровна 1970 жылы 14 желтоқсан айында Шыңғырлау ауданы Правда селосында дүниеге келген. Правда сегіз жылдық мектебін 1986 жылы бітірген. 1988-1991 жылдары Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің «Кітапхана ісі» факультетін тәмәмдаған жас маман 1991-2004 жылдары Шыңғырлау ОКЖ-ң әдіскері қызметін атқарды. 2004-2009 жылдары осы бөлімнің меңгерушісі. Еңбек ете жүріп 2002-2004 жж БҚМУ-нің «Кітапханатану және библиография» факультетін бітірді.
2009 жылдың қаңтар айынан ОКЖ-сі директорының орынбасары қызметін атқарып келеді. Гульмира Макаровна өз қызметінде кітапхана пайдаланушыларының сұранысын қанағаттандыру мақсатында заман талабына сай жаңа бағытта қызмет көрсетудің түрлерін дамыту бойынша жұмыстанып, өзінің кәсіби біліктілігі мен парасаттылығының, ұйымдастырушылық қабілет пен ізденгіштігі арқасында 31 жыл бойы кітапханада қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Гүльмира Макаровна ұжым арасында өзінің қарапайымдылығымен, ұстамды да сабырлы мінезімен, білімпаздығымен көрініп, жұмыс барысында өзін тек қана жақсы жағынан көрсете білді. Өзі өте еңбекқор, ұшқыр қиялды шебер ұйымдастырушы, ұжымда үлгілі, әрқашан әріптестеріне көмек көрсетуге дайын. Ол өзіне жүктелген міндеттерді адал да абыройымен атқарып, білімділігі мен біліктілігі, адамгершілік пен парасаттылық, ұйымдастырушылық қабілетімен ОКЖ кітапханашылары арасында кітапхана ісінің озық іс-тәжірибелерін насихаттап, нәтижелі жұмыстар атқарып келеді.
Гүлмира Макарқызы 2002 жылы Орал –Қазақстан кітапханалары астанасы «Евразийство – интеграция культур и библиотечных ресурсов», 2006 жылы Ақтөбе -Қазақстан кітапханалары астанасы «Кітап оқу – Қазақстанның ұлттық басымдылығы» атты конференцияларға қатысты.

«Кітапхана ісін модернизациялау» және «Оқитын Қазақстан» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру бағытында өткізілген «Үздік ауыл кітапханасы» байқауына, 2004 жылы облыстық мәдениет басқармасының бастауымен өткізілген «Ауыл энциклопедиясы–шағын Отан» байқауына ОКЖ кітапханаларының қатысуын ұйымдастыруда Батыс Қазақстандық облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Г.Т.Жұмақаеваның алғыс хатымен марапатталды.

2004 жылы «Ақпараттық қоғам қалыптастыру жағдайындағы кітапханалық өлкетану» ғылыми-тәжірбиелік конференцияға, 2005 жылы Ақжайық аудандық кітапханасында «Қазақстандық патриотизмнің даму үрдістері» атты семинарға, 2006 жылы өткізілген «Батыс Қазақстан облысы кітапханалары қазіргі қоғам кезеңінде» атты облыстық кітапханалар форумына қатысты.
2007 жылы 11 шілдеде облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының бастауымен Шыңғырлау ОКЖ-де өткізілген «Балалар мен жасөспірімдерді Қазақстандық патриоттыққа тәрбиелеудің бағыттары», 2008 жылы «Жастар таңдауындағы әдебиет» конференциясының өткізілуіне атсалысқаны үшін Батыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы бастығы А.Т.Батырхановтың алғыс хаттарымен марапатталды.

2011 жылы маусым айында ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы – Аймақтағы кітапхана ісінің белестері» атты облыстық семинарда аудан әкімі С.А.Халеловтың алғыс хатымен марапатталды
2015 жылы Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткізілген «Кітапхана – халықтың мәдени мұраларын дамыту мен сақтау алаңы» облыстық семинарға, 2016 жылы Зеленов ауданының кітапхана күніне қатысты.
2016 жылы қазан айында Орал қаласында өткізілген «Шыңғырлау ауданы кітапхана күні» шарасының өткізуде іскер маманның еңбегі бағаланып, БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Д.Құсайыновтың алғыс хатымен марапатталды

2017 жылы «Үздік кітапханашы» номинациясы иегері ретінде танылып аудан әкімі А.Есалиевтің «Жыл үздігі -2017» куәлігімен марапатталды.

Аудан кітапханаларының дамуына өзіндік салмақты үлесін қосып, ұйымдастырушылық қабілеті бағаланып Шыңғырлау ОКЖ директорының орынбасары Бердегалиева Гүлмира Макаровна 2018 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының «Кітапхана ісінің үздігі» ,2020 жылы «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгілерімен ,сонымен қатар БҚО Мәдениет басқармасының, аудан әкімшілігінің, облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының алғыс хаттарымен марапатталды.