Андрей Яковлевич Тихоненко 1912 жылы 12 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданының Лубенка ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін ұжымшарда жұмыс істеген. 1941 жылдың маусымынан 3-Беларусь майданы, 5-армия 159-атқыштар дивизиясы, 631-атқыштар полкі құрамында Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Пуни-Неманның батыс бетіндегі Литвадағы кішкене ғана қала, мұнда 1944 жылдың 15 маусымында күшті ұрыс болды. Осы қарбалас, қаракөлеңке шақты пайдаланып, өзінің пулеметімен Андрей Тихоненко өзеннің жау орналасқан бетіне өтті. Рузян селосына таянған шақта үйдің төбесіне қойылған, жауынгерлерге ажал отын сеуіп тұрған жау пулеметіне көзі түсті. Андрей Тихоненко сол мезетте оқ жаудырып, оның үнін өшірді. Тыныштық орнаған аз ғана уақытты пайдаланып, бөлімшелер өзеннен өтіп маңызды шепке орналасты.
Аздап есін жинағаннан кейін жау қарсы шабуылға шықты. Алайда Андрей Тихоненко абыржыған жоқ. Немістерді әбден жақындап оқ астына алды. Бірақ шептегі көршілес пулеметтердің үні өшті, оның жолдастары оққа ұшты. Жалғыз пулеметшіні жау қоршай бастады. Андрей Тихоненко жараланды. Немістер жақындап келе бергенде ол қолындағы гранатты жарып жіберді.
Жеңіс жолында жанын пида еткен батырдың ерлігімен жігерленген жауынгерлер шабуылға көтеріліп, жауды тықсыра түсті.
Пулеметші Андрей Тихоненконың бұл ерлігі жоғары бағаланып, қаза тапқаннан кейін оған КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының Жарлығымен 1945 жылдың 24 наурызында Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Лубенка орта мектебіне Андрей Тихоненконың есімі беріліп, бюст орнатылған. Ленин орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
Әдебиеттер тiзiмi
1965 жыл
1.Жанын пида етті: Совет Одағының Батыры Андрей Тихоненко туралы // Орал өңірінің батырлары.-Орал, 1965.-51-52 б.
1968 жыл
2.Ермекбаев Г. Қос батыр: [Совет Одағының Батырлары С. Есқалиев пен А.Тихоненко жайлы] // Қазақстан мұғалімі.-1968.-25 қаңтар.
1969 жыл
3.Тихоненко Андрей: өмірдерек // Совет Одағының қазақстандық Батырлары.-Алматы: Қазақстан, 1969.-Т.2.-293-294 б.
1985 жыл
4.Керімов А. Жау шебіне бомба болып жарылған: [Оралдық А.Я. Тихоненко туралы] // Орал өңірі.-1985.-7 мамыр.
2010 жыл
5.Тихоненко Андрей: өмірдерек // Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары.-Алматы: Өнер, 2010.-236-237 б.
2014 жыл
6.Шотпанов А. Соңғы граната: [Кеңес Одағының Батыры А. Тихоненко туралы] // Егемен Қазақстан.-2014.-4 сәуір.-9 б.