Дмитрий Лаврентьевич Стрелец 1920 жылы Приморск өлкесі, Партизан ауданы, Гордеевка ауылында дүниеге келген.
1941 жылдың маусымынан Кеңес Армиясы қатарында. 1942 жылдың аяғында кіші лейтенант Дмитрий Стрелец майданның алғы шебіне келді. Осы кезден бастап ол небір қиян-кескі, жойқын ұрыстардың куәсі болды.
Совет әскерлері жауды Донға қуып тыққан шақ. Немістер өзеннің оң жағалауына бекінген. Оларды өкшелей қуған Дмитрий Стрелецтің взводы полкта бірінші болып өзеннен өтті. Қан төгіс, тегеурінді тайталас ұрыс басталды. Осындай аласапыранда роталардың бірі негізгі бөлімнен бөлініп қалды. Сәтсіздікті пайдаланған қара ниетті жау ротаны түтеген оқ астына алып, едәуір шығынға ұшыратты. Рота командирі контузиялы болды, бір взвод командирі қаза тапты, екіншісі жараланды. Сол кезде өзінің екі аяғынан бірдей жаралғанына қарамастан Дмитрий Стрелец қалған аз ғана жауынгерлер тобын басқаруды өз қолына алды.
Ауыр жараланған Дмитрий Стрелец 9 ай бойы госпитальда жатты. Содан кейін тағы майдан, тағы қан жосыған ұрыстарға қатынасты.
Польшаның Хелм қаласының түбі. Ол кезде Дмитрий Стрелец 47-атқыштар дивизиясында рота командирі болатын. Оның ротасына қаланы жаудан азат ету үлесі тиді. Еліміздің территориясын түгел азат етіп, совет әскерлері Одердің саласы Вартаға да жетті. Өзеннен бірден өтіп шығу аса қауіпті. Командование барлау мақсатымен Дмитрий Стрелецтің ротасын өткізуді ұйғарды. Рота жауынгерлері бір күн бойы өзеннен шақырым жарым жерде сал жасаумен болды. Салдың бірі суға кетті. Ал қалған екеуіндегі 7 жауынгер ер жүрек командир Дмитрий Стрелецтің басқаруымен жағаға шығып үлгерді.
Жеке ерлігі мен батырлығы үшін оған 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Соғыстан кейін капитан Дмитрий Стрелец Орал қаласында тұрды, жергілікті өнеркәсіп қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. Ленин, Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.
1998 жылы қайтыс болды. Орал қаласындағы оның тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылған.

Әдебиеттер тiзiмi

1965 жыл
1.Берлинге!: Кеңес Одағының Батыры Д. Стрелец туралы // Орал өңірінің батырлары.-Орал, 1965.-43-44 б.

1975 жыл
2.Ұлы Отан соғысы және еңбек ветерандарымен кездесу: Совет Одағының Батыры Д. Стрелецпен кездесу // Орал өңірі.-1975.-8 мамыр.

1985 жыл
3.Сейтақов Ғ. Донецтен Одерге дейін: Ақ Жайық өңірінің Батыры Д. Стрелец жөнінде // Орал өңірі.-1985.-19 сәуір.

2005 жыл
4.Стрелец Дмитрий: өмірдерек // Ақжайық ақберендері.-Алматы: Өлке, 2005.-35 б.

2010 жыл
5.Стрелец Дмитрий: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.- Алматы: Арыс, 2010.-470 б