Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, гвардия кіші сержанты Георгий Григорьевич Шевцов 1908 жылы Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданының Миргородка ауылында дүниеге келген. 1929-41 жылдары Бөрлі ауданында трактор бригадасын басқарған.

1941 жылдың маусымынан бастап Ұлы Отан соғысына қатысады. 1944 жылы 21-гвардиялық бригада Румынияда, Шығыс Карпат төңірегінде кескілескен ұрыстар жүргізіп жатты. Взвод командирі лейтенант Бауманның экипажы фашистердің Серет өзеніндегі көпірді қиратуына жол бермеуге бұйрық алады. Экипаж құрамында Георгий Григорьевич Шевцов та болатын.
Көпірге барар жолда ұрыс қыза түседі. Бірде танкінің оң жағынан, бірде сол жағынан шаң мен топырақ бұрқ етеді. Арпалыс ұзаққа созылады. Ақыры танк жаудың соңғы батареясын да жаныштады. Артынша атқыштар бөлімшесі жетті. Көпір астына көмілген мина зиянсыз етілді. Қопарылыс қаупі жойылды.

Георгий Григорьевич Шевцовтың жеке ерлігі, асқан батылдығы көпір үшін болған ұрыста танк экипажына дұшпанның үш «Т-40» танкісін, екі өздігінен жүретін зеңбірегін, бір танкке қарсы батареясын және ондаған солдаттарын құртуға мүмкіндік берді.

Совет әскерлерінің негізгі плацдармы күн санап ұлғая берді. Румыния, Венгрияның қалалары мен ауылдарын азат ету ұрыстары қыза түсті. Осы ұрыстарда Георгий Григорьевич Шевцов әрдайым батыл қимылдады. Әсіресе, Венгрияның Комарно қаласы мен басқа ірі-ірі елді мекендерін азат етуде ол ерекше көрінді.

Георгий Григорьевич Шевцов Венгрияның Комарно қаласын жаудан құтқаруда ерлікпен қаза тапты. Ер жүрек батыр 1945 жылдың 9 қаңтарда осы деревняда жерленген.

1944 жылдың 19-24 тамызында Бырлад, Фокшани, Бузэу (Румыния) қалалары үшін болған шайқастарда көрсеткен ерекше ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Туған ауылв Облавкада Георгий Григорьевич Шевцовқа бюст орнатылды. Ленин орденімен марапатталған.

Әдебиеттер тiзiмi

1965 жыл
1.Ер жүрек танкист: Кеңес Одағының Батыры Г. Шевцов туралы // Орал өңірінің батырлары.-Орал, 1965.-61 б.

1969 жыл
2.Шевцов Георгий: өмірдерек // Совет Одағының қазақстандық Батырлары.- Алматы, 1969.-Т.2.-397-398 б.

1985 жыл
3.Шахин А. Ер жүрек танкист: Оралдық Г. Шевцов туралы // Орал өңірі.-1985.-11 сәуір.

2005 жыл
4.Шевцов Георгий: өмірдерек // Ақжайық ақберендері.-Алматы: Өлке, 2005.-42 б.

2010 жыл
5.Шевцов Георгий: өмірдерек // Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары.- Алматы: Өнер, 2010.-264 б.
6.Шевцов Георгий: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.- Алматы: Арыс, 2010.-526 б.