1960 жылы 8 мамырда Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының Жаңа Қазан ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын ауыл мектебінде ұстаздықтан бастаған. Жаңақала аудандық «Жаңарған өмір» газетінде әдеби қызметкер, облыстық «Орал өңірі» газетінде аға тілші, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесі басқармасының жауапты хатшысы болып істеген.
1989 жылдан республикалық ғылыми-көпшілік «Зерде» журналында бөлім меңгерушісі, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, «Жалын» журналында жауапты хатшы, еларалық (Түркия—Қазақстан)«Заман—Қазақстан» газетінде жауапты хатшы, республикалық телерадиокорпорациясында бас маман, «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы болып істеген.
«Ойын заңы» атты әңгімесі үшін «Жалын» журналының Т.Айбергенов атындағы сыйлығын алған. «Қасқырлар түнде ұлиды» атты прозалық жинағы «Жазушы» баспасынан жарық көрген. «2000 жыл – Мәдениетті қолдау жылы» айдарымен жарық көрген «Қос ішек» деген ұжымдық жинаққа шығармалары енген (Астана).
Алматы қаласында тұрады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Әдебиеттер:

Хасанов Серікқали: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия. – Алматы, 2002. – Б. 511.
Хасанов Серікқали: өмірдерек // Қазақстан жазушылары: анықтамалық / құраст.: С.Қамшегер, Қ.Жұмашева. – Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2009. – Б. 413.
Хасанов Серікқали: өмірдерек // Қос газеттің тарихы: меретойлық жинақ. – Орал, Жайық Пресс, 2013 . – Б.196 – 197.