Иргалиева Сәуле Сағынтайқызы 1967 жылы 5 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданында дүниеге келген. 1989 жылы Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтының «Кітапханашы-библиограф» мамандығын бітіріп, Н.Крупская атындағы Батыс Қазақстан облыстық кітапханасының ақпараттық-библиграфиялық бөліміне библиограф қызметіне жұмысқа орналасады. 1989-2003 жылдары ақпараттық-библиографиялық бөлімнің библиографы болып жұмыс істеді. 2004-2008 жылдары жетекші кітапханашы, ақпараттық-библиографиялық бөлімнің және интернет секторының меңгерушісі болды. 2008 жылдың қараша айынан кітапхананың өлкетану әдебиеттері бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарып келеді.
Сәуле Сағынтайқызы «Облыстық кітапхана – өлке жады» жобалық бағдарламасы аясында кітапхананың веб-сайтындағы «Ақжайық-онлайн» бетін жаңа ақпараттармен толықтырды. Осы жоба аясында «Жүз тұлға» сериялы библиографиялық көрсеткіштің «Батыс Алашорда үкіметінің алаш қайраткерлері» тақырыбындағы 2-шығарылымын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ақжайық өңірінің батырлары» 3-шығарылымын шығарып, оқырмандарға таныстырылымын өткізді. Өлкетану бағытында жасалған 2013 жылы «Өлкетану-Аймақ» өлкетану мәліметтері базасының корпоративтік жобасын, 2014 жылы «Ақжайықтың әдеби картасы», 2017 жылы «Жайық өңірінің әдеби портреттері» жобаларының құрастырушысы болып табылады.
Жайық өңіріне белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар шығармашылығы, өлке тарихына қатысты баспадан шыққан түрлі әдебиеттерді насихаттауға арналған көпшілік шараларды ұйымдастыруға, түрлі тақырыптардағы кітап көрмелерін жасақтауға, библиографиялық құралдарды жасауға қатысып, басшылық жасады.
Кітапхана саласына сіңірген еңбегі үшін С.С.Иргалиева ҚР Ұлттық кітапханасының «Кітапхана ісінің үздігі» (2019 ж.), ҚР Кәсіподақ федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» (2019) төсбелгісімен, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының «Жайық айтысының 60 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды.