Исмагулова Тамара Мұханбетжанқызы 1965 жылы Орал облысы, Камен ауданында дүниеге келген, 1985-1987 жылдар аралығында Орал мәдени-ағарту училищесін «Кітапханашы-библиограф» мамандығы бойынша тәмамдайды; 1998-2001 жылдар аралығында Орталық-Азиат университетін «Педагог-психолог» мамандығы бойынша бітірген. Жалпы еңбек өтілі -37 жыл, облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасындағы еңбек өтілі -35 жыл.
1987 жылы Орал мәдени-ағарту училищесін аяқтаған соң А.П. Гайдар атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына (қазіргі Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы) балалар оқу залына жұмысқа қабылданады. 1990 жылы ақпараттық-библиографиялық бөлімге ауысып, 1998-2008 жылдар аралығында бөлім жетекшісі қызметін атқарады.
Өз қызметінде оқырманның сұранысын өз деңгейінде орындап, республика және шетел кітапханаларының іс- тәжірибесін ендіру мен тарату, тұтынушылармен инновациялық жұмыстарды ұйымдастыру, оқырмандардың ақпараттық сауаттылығын қалыптастыруға баса назар аударады, өзекті мәселелерге байланысты ақпарат күндері, мамандар күндері, библиоквесттер өткізіп, көптеген библиографиялық құралдар шығарған. Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жыр-жауһар» виртуалдық клубын жүргізеді.
Әріптестерімен бірге «Хамзатану» орталығы жұмысы аясында Хамза Есенжановтың және өлкемізден шыққан қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығын насихаттауда белсенділік танытады.
Қалалық, аудандық кітапханаларда ұйымдастырылған семинарларға белсенді түрде қатысып, әдістемелік көмек көрсетеді. ҚР қалалары бойынша облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханалары базасында ұйымдас тырылған семинарларға, Самара, Курск (РФ) қалаларында өтетін халықаралық шығармашылық зертханаларға қатысады, Краснодар өлкелік жасөспірімдер кітапханасының шақыртуы бойынша Анапа қаласында (РФ) өткен XVIII Халықаралық конференцияға қатысып қайтты. Ресейлік әріптестермен тәжірибе алмасып қана қоймай, әрі қарай әріптестік қарым-қатынас орната білді. Ресей қалаларының балалар кітапханалары оқырмандарымен онлайн-конференциялар өткізу ісін жалғастыруда.
Кітапханада қызмет ете жүріп, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатты. «Aqjaiyq» телеарнасы арқылы түрлі бағдарламаларға қатысып, кітапты насихаттау, оқырмандардың ақпараттық сауаттылығы туралы сөз қозғады. Жергілікті телерадио компаниясы арқылы сөз алуды дәстүрлі түрде жалғастырып келеді. Республикалық, облыстық, қалалық мерзімді басылымдар беттерінде кітапхана тынысы, кітап оқу және әріптестері туралы мақалалары жарияланады. «История Казахстана: преподавание в школах и вузах» журналына ҚР Тәуелсіздігі мерекесіне арналған мақаласы үшін журналының редакторы атынан алғыс хатқа ие болды.
Кәсіби шеберлігі, шығармашылық қабілеті үшін «Кітапхана ісінің үздігі (2019), «Еңбек даңқы» (2020) төсбелгілерімен, Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасы елшілігі атынан дипломмен (2018), ҚР мәдениет және спорт министрлігі (2018,2019) атынан және т.б. алғыс хаттармен, Краснодар өлкелік жасөспірімдер кітапханасы (2018), Саратов қаласы «Достар» қоры (2019), Орал қалалық білім беру бөлімі (2019), Кітапханашыларға арналған медиа және ақпараттық сауаттылықты арттыру курсына (2020, Астана) қатысып, сертификаттармен марапатталған.