Иван Андреевич Мордасов 1923 жылы Батыс Қазақстан облысы, Приурал ауданы, Рожков кентінде дүниеге келген. Майданға өз еркімен аттанған жастардың ішінде Рожков ауылының жігіті Иван Мордасов та болды. Ер жүрек, батыл, тапқыр жауынгер бірден көз тартып, оған командование офицер атағын берді.
1943 жыл… Өшпенділік толқыны кідірместен Батысқа қарай тасып барады. Бағыт – Берлин. Қазан айындағы ызғарлы кештердің бірінде полк Днепр өзеніне келіп тірелді. Мақсат – өзеннен өту. Өзеннің оң жақ жағасын немістер берік қаламға айналдырған.
Бір топ ер жүрек жауынгерлерді бастап Иван Мордасов Днепрден бірінші болып өтті. Қаннен қаперсіз отырған немістер совет жауынгерлерінің кенет пайда болуын тіпті күтпеген еді. Иван Мордасовтың тобы жаудың траншеясына өтіп, бекінді де, полктың негізгі бөлігінің Днепрден өтуіне көмектесе бастады. Есін жиған немістер жауынгерлерді қайткенде де өзенге лақтырып тастауға тырысты. Бірақ олардың атакаларының бәрі де сәтсіздікке ұшырады.
Міне, төртінші атака. Немістер окопқа да жақындап келеді. Осы бір қауіпті мезетте полк те өзеннен өтіп болып, кідірместен ұрысқа араласып кетті. Шабуыл қайта үдей түсті.
Мамырдың шуақ күндерінің бірінде Ұлы Жеңіс туралы хабар Приурал ауданындағы Рожков ауылына да жетті. Аналар мен әкелер, жұбайлар мен қалыңдықтар сүйіктілерінің майданнан оралуын күте бастады. Тек Мордасовтардың үйі ғана тым-тырыс. Кіші лейтенант формасын киген жас жігіт қабырғада ілулі тұрған портреттерден анасына күлімсірей қарайды. Портреттің жанында алтындаулы рамкада Иван Мордасовқа Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указы.
Батыр жауынгер Иван Мордасов 1943 жылы 16 қазанда шайқаста қаза тапты. Әскери тапсырманы орындау кезіндегі көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін Иван Мордасовқа қайтыс болғаннан кейін 1943 жылы 30 қазанда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Гомель облысы, Лоевск ауданы Колпень деревнясында жерленген.
Ленин орденімен, медальдармен марапатталған. Батырдың туған жері Рожков ауылында бюст орнатылған, оның аты ауыл мектебіне берілген.
Әдебиеттер тiзiмi
1965 жыл
1.Ол жиырма жаста еді: Кеңес Одағының Батыры И. Мордасов туралы // Орал өңірінің батырлары.-Орал, 1965.-35-36 б.
1969 жыл
2.Мордасов Иван: өмірдерек // Совет Одағының қазақстандық Батырлары.- Алматы: Қазақстан, 1969.-Т.1.-75-76 б.
1985 жыл
3.Қарашин А. Ерлік ескірмейді: Ақ Жайық өңірінің батыры И. Мордасов жөнінде // Орал өңірі.-1985.-21 мамыр.
2005 жыл
4.Мордасов Иван: өмірдерек // Ақжайық ақберендері.-Алматы: Өлке, 2005.- 27 б.
2010 жыл
5.Зеленовтық Кеңес одағының Батырлары: Иван Мордасов туралы // Ауыл тынысы.- 2010.-7 мамыр.-2 б.
6.Мордасов Иван: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.- Алматы: Арыс, 2010.-394 б.
7.Мордасов Иван: өмірдерек // Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары.- Алматы: Өнер, 2010.-170-171 б.