Иван Андреевич Куличев 1920 жылы Астрахань облысы, Верхний Басқұншақ станциясында дүниеге келген. Балалық және жастық шағы Орал қаласында өтті.
Жақын достары Иван Куличевтің ұшқыш болуға құмар екендігін жақсы білетін. Ал Хасан көліндегі, Халхын-Гол маңындағы біздің ұшқыштарымыздың ерлігіне әбден қанық Иван Куличев әскери ұшқыш болуға белін бекем буды. Ізденгіш, зерек жастың арманы бірден орындала қоймады.
1940 жылы жиырма жастағы жас жігіт Қызыл Армия қатарына шақырылады. 1941 жылы сәуір айында ол Москвадағы ұшқыштар мектебіне курсант болып қабылданады, кейін Пермьдегі мектепке аударылады.
Иван Андреевич Куличевтің жауынгерлік жолы штурмовиктердің гвардиялық авиация полкынан басталады.
Кескілескен ұрыстарда біздің әскерлер Днепрге қарай жақындап келеді. Бұл ұрыстарда совет ұшқыштары дә мәңгі өшпес ерлік көрсетті. И.А. Куличев басқарған ұшқыштардың бір тобы Днепродзержинск плацдармындағы Антоновка-Домотканное маңында әуе соғысын жүргізіп жатты. Жаудың «Ю-87» маркалы 80 самолеті біздің әскерлер шебін бомбалауға келе жатты. Бірінші штурмовиктер корпусының командирі Совет Одағының Батыры В.Г. Рязанов фашистік қырғиларды қалай да тоқтатуға, біздің шептен өткізбеуге бұйрық берді. И.В Куличев бастаған ұшқыштар тобы өздерінен саны он есе көп жау самолеттерімен ұрысқа араласып кетті. 1944 жылдың шілдесінде Иван Андреевич Куличев 103 әскери ұшу жасап, жаудың 8 танкісін, 38 автомашинасын, және басқа да көптеген техникаларын құртты.
Ер жүрек ұшқыштардың батыл қимылына шыдай алмай фашистік самолеттер кейін оралуға мәжбүр болды. Біздің сегіз самолетіміз түгелдей өз аэродромына оралды. Ұшқыштардың бәрі де үкімет наградаларын алды, ал Иван Андреевич Куличевті командование Кеңес Одағының Батыры атағын беруге ұсынды.
1944 жылы 26 қазанда Иван Андреевич Куличевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Соғыстан кейін Иван Андреевич Куличев әскери-әуе инженерлік академиясын бітірді, командалық лауазымдарда болды. 1961 жылы Иван Андреевич Куличевке генерал-майор атағы берілді.
Ленин, 3 мәрте Қызыл Ту, Александр Невский, 1, 2 – дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған. 1979 жылы қайтыс болды. Мәскеуде жерленген.
Әдебиеттер тiзiмi
1965 жыл
1.Қатардағы солдаттан генералға дейін // Орал өңірінің батырлары.-Орал,1965.-27-28 б.
1969 жыл
2.Куличев Иван: өмірдерек // Совет Одағының Қазақстандық Батырлары.- Алматы: Қазақстан, 1969.-437-438 б.
1985 жыл
3.Мұратов И. Ол осылай шайқасты: Оралдық ұшқыш И.А. Куличевтің ерлігі// Орал өңірі.-1985.-11 сәуір.
2005жыл
4.Куличев Иван: өмірдерек // Ақжайық ақберендері.-Алматы: Өлке, 2005.-24 б.
2010 жыл
5.Куличев Иван: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.- Алматы: Арыс, 2010.-326 б.
6.Куличев Иван: өмірдерек // Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары.- Алматы: Өнер, 2010.-132-133 б.