Кульчукова Ақмарал Кеңесқызы 1966 жылы 21 наурызда Орал облысы, Шыңғырлау ауданы, Лубен ауылында дүниеге келген.

1985 жылы Қаскелең мәдени-ағарту училищесін «Кітапханатану және библиография» мамандығы бойынша, 2002 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек өтілі – 36 жыл, саладағы еңбек өтілі- 33 жыл. Еңбек жолын 1985 жылы

Шыңғырлау ауданы Лубен ауылдық балалар кітапханасынан бастаған. 1997 жылдан облыстық А.П.Гайдар атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасында (қазіргі Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы) кітапханашы лауазымын, 2008 жылдың қазан айынан ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімнің басшысы лауазымын атқаруда.

Кітапхана қабырғасында және кітапханадан тыс көптеген мәдени шараларды өткізуге атсалысып келеді. Жыл сайын өзекті мәселелерге арналған ақпарат күндерін, мамандар күндерін, библиоквесттер, библиографиялық шолулар ұйымдастырады. Оқырмандарға, мұғалімдерге, ата-аналарға көмек ретінде   көптеген библиографиялық құралдар шығарған.

2019 жылдан «Хамзатану» орталығы жұмысы аясында жазушының  өмірі мен шығармашылығын зерттеу мақсатында ғылыми-танымдық конференциялар, дөңгелек үстел, әдеби дастархан, кездесулер және т.б. өткізді. Бірнеше мәрте бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде «Aqjaiyq» телеарнасы арқылы түрлі  бағдарламаларға қатысып, оқырмандардың кітап оқу мәселесі, ақпараттық сауаттылығы туралы сөз қозғады. Жергілікті телерадио компаниясы арқылы сөз алуды дәстүрлі түрде жалғастырып келеді. Республикалық, облыстық, қалалық мерзімді басылымдар беттерінде  кітапхана, кітап оқу туралы мақалалары жарияланып тұрады.

2011 жылдан оқушылардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Қауіпсіз Интернет апталығын» өткізуді дәстүрге айналдырып, қала мектептері және аудандық балалар мектептері оқушыларына желідегі қауіпсіздік бойынша түрлі шаралар өткізуге атсалысады. «Қала көшелері сыр шертеді» жобасы аясында «Қала көшелері – батырлар есімімен», «Қаланың әдеби көшелері» тақырыбында бірнеше акциялар өткізіп келеді.

А.Кульчукова ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының  ұйымдастыруымен Астана қаласында өткен халықаралық кітапханашылар конгресіне (2016),  Ақтөбе қаласында өткен «Жастар кітапханасы – жаңашылдық аймағы» атты ІІ-аймақтық кітапханашылар конференциясына (2019) қатысып, кітапханадағы жаңаша жұмыстар бойынша тәжірибе алмасты. Хамза Есенжановтың 110 жылдығына орай шығарылған «Тұғыры биік талант» атты естелік кітаптың  құрастырушыларының бірі.

Кәсіби шеберлігі мен шығармашылық қабілеті үшін «ҚР Мәдениет саласының үздігі»(2020), «Қазақстанның құрметті кітапханашысы»(2020) төсбелгілерімен; Ұлттық академиялық кітапханасы атынан сертификатпен (2016) Мәдениет және спорт министрі (2018), БҚО әкімі атынан (2019) т.б. алғыс хаттармен марапатталған. Кітапханашыларға арналған медиа және ақпараттық сауаттылықты арттыру курсына (2020, Астана), «Развитие речевой коммуникативной коммуникации» (2020, Казань) тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсына қатысып (36 сағат) куәлікке ие болды.