Лукманова Марина Сағынғалиқызы 1969 жылы БҚО, Теректі ауданы, Долинное ауылында дүниеге келді.
1988 жылы мәдени-ағартушылық училищесін бітірді, 2002 жылы Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан өнер институтының «Кітапханатану және библиография» факультетін тәмамдады. Жалпы еңбек өтілі – 33 жыл.
1988-1991 жылдары Теректі аудандық балалар кітапханасында кітапханашы қызметін, 1991-1999 жылдары аудандық балалар кітапханасының аға кітапханашысы, 1999-2000 жылдары – ОКЖ-нің жетекші әдіскері, 2000-2007 жылдары Теректі ОКЖ-нің әдістеме-библиографиялық бөлімінің меңгерушісі, 2007 жылдың сәуір айынан Теректі ОКЖ директоры қызметіне тағайындалып, денсаулығына байланысты 2020 жылдың 5 маусым күні әдебиетті толықтыру және өндеу бөлімінің меңгерушісі лауазымына ауыстырылды.

Өз еңбек жолын кітапхана ісіне арнаған Марина Сағынғалиқызы ауыл кітапханаларына әдістемелік көмек ретінде «Жайықтың ақын қызы»/А.Бақтыгерееваның 60ж/, «Кітапхана-мәртебелі мамандық», «В книжном царстве» т.б тақырыптарда әдістемелік құралдар даярлап, 2003 жылдың 26 қарашасында Подстепное ауылдық кітапханасында «Ауылдағы ақпараттық қамтамасыз ету және рухани мұраны сақтауда ауылдық кітапханалардың ролі» атты облыстық семинар, 2005 жылдың 17 мамыр күні «Ауылдық кітапханасындағы балалармен жұмыс жасаудың жаңа түрлері» атты республикалық семинарларды ұйымдастырып өткізуіне және де облыстық «Ауыл энциклопедиясы – Шағын Отан» байқауна белсене қатысып, үлкен үлес қосты. 2006 жылдың 22 қарашасында Подстепное ауылдық кітапханасының «Үлгілік қалыптағы ауыл кітапханасы» /Подстепное ауылдық модельді кітапхана/ статусын алуына тікелей басшылық жасады.

Марина Сағынғалиқызы әр-түрлі конференция, семинарларға жүйелі қатысты. 2007 жылғы қараша айында Шымкент қаласында өткен «Кітап және Ұлы Жібек жолы» халықаралық конференция жұмысына қатысты. Басқару қызметін қолға алғаннан бастап аудан көлемінде көптеген игі істер қолға алынып , сонымен қатар, аудан ішіндегі қоғамдық өмірді кітапханасыз елестету мүмкін емес, яғни, ауданаралық қоғамдық іс-шараларға кітапхана саласы белсене араласып, көптеген істерге бастама бола білді.

Марина Сағынғалиқызы еңбекқор, ұшқыр, өзіне де өзгеге де талапшыл. Кітапхана жүйесінің жұмысында өзінің өндірістік тәжірибесін және білімін қолдана отырып, қазіргі заман талабына сай қызмет атқарып, ұжымына жаңа озық жұмыс әдістерін енгізуден жалықпайды. Өмірде өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығы бойынша 30 жылдан жоғары уақыт еңбек етіп, оның қиындығына төзу, өз жұмысына шынайы берілген жандардың ғана қолынан келетіні белгілі. Кітапхана ұжымы Марина Сагингалиқызын ақкөңіл әріптес, беделді маман,іскер ұйымдастырушы, жарқын әсерлердің қолдаушысы ретінде ерекше бағалап, құрметтейді.

Марина Сағынғалиқызының 30 жылдан жоғарғы еңбегі назардан тыс қалған жоқ. «Батыс Қазақстан өңірінің кітапхана ісі мен оқу мәдениетін дамытуға, ата бабаларымыздан қалған ұлы мұраларымызды, көркем ой құндылықтарын қазіргі өскелең ұрпаққа насихаттауға және рухани мәдениетке қосқан үлесі үшін», Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапхананың алғыс хатымен, «Облыстық кітапхана шежіресі» тақырыбында өткен байқауға қатысып, Батыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы алғыс хатымен (2008), «Адамзат рухани күш – қуатының құдіреті: XX ғасырдағы қасірет менің жанұям тарихында» атты жастар байқауына белсене қатысқаны үшін, Қарағанды облысының мәдениет басқармасы алғыс хатымен (2011), «Өлкеміздің мәдениет саласында атқарған игілікті істері, мәдени-көпшілік шаралар жұмысын жақсартудағы белсенділігі, мәдени бай мұрамыз бен ұлттық тарихымызды кейінгі ұрпаққа насихаттаудағы және рухани, патриоттық, эстетикалық тәрбие берудегі жетістіктері үшін» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Батыс Қазақстан облысының мәдениет және мұрағаттар және құжаттама басқармасы Құрмет дипломымен (2015), «Кітапхана ісін дамытуға қосқан үлесі мен кітап мәдениетін қалыптастырудағы ерең еңбегі үшін», Қазақ хандығының 550 жылдығының мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі республикалық комиссияның төрағасы, Қазақстан Республикасы Премьер минитрлігінің орынбасары алғыс хаттарымен және де 2016 жылы Марина Сагингалиқызы «Кітапхана ісінің үздігі», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.