Меңдешев Сейітқали (1882-1937) – мемлекет және қоғам қайраткері. Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1903 жылы Қазан мұғалімдер семинариясын бітіргеннен кейін 13 жыл Бөкей ордасындағы ауылдарда мұғалім болып қызмет жасады. Осы жерде ол революциялық-насихаттық жұмысқа қосылып, саяси әдебиеттерді таратумен айналысты, құпия жиылыстар мен шерулерді ұйымдастыруға қатысты.

Бөкей ордасында халық мұғалімдерінің қоғамын ұйымдастырды, онда олар алдарына тек қана кәсіби емес, сонымен бірге саяси міндеттер де қойды. Сондай-ақ Сейтқали мұғалімдік қызметтің неғұрлым озық ойлы жағын біріктіретін Астрахан өзара көмек қоғамының мүшесі болды.

1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына қатысқаны үшін ол тұтқынға алынып, Астрахан түрмесіне қамалды. 1917 жылғы Ақпан төңкерісі жылдары Новая Казанка селосындағы Ревком ұйымына қатысты.

1917 жылдың қазанында С.Меңдешев большевик С.Генераловпен бірге Бөкей ордасында ашық революциялық үгіт жүргізді. Уақытша үкіметтің жергілікті органдарының құлауы мен тарауына жағдай туғызды. 1918 жылы Бөкей съезінде губерниялық атқару комитетінің мүшесі болып сайланды, ал 1919 жылы оның төрағасы болды.

С.Меңдешевтің өмірінде 1919 жыл айрықша болды. Ол алғашқы қазақ атты әскер полкін және облыста бірінші комсомол ұйымын құруға қатысты, «Мұғалім» журналының жұмысын жолға қойды, бірінші Кеңес Конституциясын қазақ тіліне аударуды ұйымдастырды.

1919 жылы шілдеден РКФСР Кеңес халық комиссарлары жанындағы Әскери-революциялық комитеттің Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару ісінің мүшесі мен оның төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 1920 жылы тамыздың 20-ында РКП(б) ОК С.Меңдешевті РКП(б) Қырғыз облыстық бюросының құрамына енгізді. 1920 жылы С.Меңдешев Орталық Атқару Комитетінің бірінші төрағасы болды. Ол қалыңмал, құн төлеуді жою, көп әйел алушылықты тыю жөніндегі декреттерді дайындауға күш-жігер жұмсады.

С.Меңдешев С.Сейфуллин және Ә.Жанкелдинмен бірге 1921 жылы Мәскеуде өткен РКП(б) ОК Бірінші мәжілісіне ұлттық республикалар мен облыстардың жауапты қызметкерлерімен бірге барды. Мәжілісте Шығыс халықтарының коммунистік ұйымдарының Орталық бюросы түркі халықтары арасындағы үгіт пен насихат Орталық бюросына айналдырылды. Оның құрамына Қазақстаннан С.Меңдешев сайланды. Сейтқали Меңдешев жаңа салықтық саясаттың негізін жасауда үлкен рөл атқарды. 1924 жылы республика үкіметінің құрамына жұмысшы қазақтарды тарту жөніндегі ұсыныстарды жасау үшін құрылған арнайы комиссияның жұмысына белсене қатысты.

1926 жылдан 1930 жылға дейінгі аралықта С.Меңдешев Мәскеуге шақырылып, РКФСР экономикалық мәжілісінің мүшесі болып тағайындалды. 1930-1937 жылдары Қазақ Республикасы оқу ісі халық комиссары, ғылым жөніндегі комитеттің төрағасы, қорықтар мен ескерткіштерді қорғау жөніндегі Кеңхалкомы басқармасының бастығы болды. Қазақстандағы аштықпен күресу жөніндегі Төтенше комиссияны басқарды. Орта Азия республикаларының ұлттық-мемлекеттік бөлінісі жөніндегі комиссияның жұмысына қатысты. КСРО Орталық Атқару Комитетінің Чувашия Кеңестерінде сайлау өткізу жөніндегі уәкілі, КСРО ОАК Төралқасының мүшесі, Коминтерннің бесінші конгресінің делегаты қызметтерін атқарды. 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырады.

С.Меңдешев артына елеулі әдеби мұра қалдырды. Оның жарық көрген мақалалары мен баяндамаларының тізімі 40-тан асады. Қоғам қайраткерінің өмірі мен қызметінен сыр шертетін 20-дан тарихи еңбектер, мақалалар мен естеліктер бар.

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы орта мектептің бірі және ауылдық округ С.Меңдешев есімімен аталады