Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанғали Нәбиуллин 1936 жылы 13 желтоқсан күні Батыс Қазақстан облысы Жаңақала (қазіргі Бөкей Ордасы) ауданы «Жемісті» колхозында дүниеге келген. Жемісті бастауыш, Ұялы жетіжылдық, С.М. Киров атындағы орта мектептерде оқып, 1954 жылы Фурманов орта мектебін тәмамдаған.
1960 жылы А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын бітіріп, жоғары білім алды. Содан кейін қырық үш жыл бойы аудандық, облыстық, және республикалық баспасөз орындарында, Жаңақала, Фурманов аудандық, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстық газеттерінде қызмет істеді. Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысаралық бөлімшесінде әдеби кеңесші қызметін атқарды.
Кейін республикалық «Аққұс», облыстық «Серпер» басылымдарында қызмет істеді. Өлеңдері 1977 жылы «Қазақ кеңес поэзиясының антологиясына» кірген. Алғашқы өлеңдері «Жазушы» баспасынан шыққан «Жас дәурен» ұжымдық жинаққа енді. «Жазушы» баспасынан Жанғали Нәбиуллиннің «Ақ жаңбыр» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Ақынның тырнақалды кітабын «Ақ жаңбыр» деп атауының өзі-ақ кітаптың бүкіл тынысын, жас таланттың байсалды ой түйінін анықтап тұрғандай.
Жинақ кітаптарына енген өлеңдердің тақырыптары негізінен – соғыс, бейбітшілік, заман тағдыры, туған жерге деген сүйіспеншілік, замандастардың ой арманы, еңбектегі ерлігі, жастарға үлгі-өнеге боларлық тебіреністер.
Жанғали Нәбиуллиннің қаламынан «Жас дәурен» (1961), «Ақ жаңбыр» (1967), «Таныс әуендер» (1968), «Ақ сөйле жүрегім» (1970), «Орда – қаһармандар қаласы» (1972), «Қас қағым» (1983), «Жырлайды жылдар» (1985), «Жоғары кернеу» (1989), «Жетінші перне» (2001), «Он сегіз жасқа толмаған махаббатым» (2009) атты өлеңдер жинағы жарық көрді.
Жанғали Нәбиуллин ұзақ жылдарғы шығармашылық еңбегі үшін Жаңақала, Бөкей Ордасы аудандарының және Орал қаласының «Құрметті азаматы» атағына ие.

Әдебиеттер:

Набиуллин Ж. Ақ жаңбыр: өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 1967. – 56 б.
Набиуллин Ж. Ақ сөйле, жүрегім: өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 1970. – 80 б.
Набиуллин Ж. Орда – қаһармандар қаласы: өлеңдер, поэмалар. – Алматы: Жазушы, 1972.-72 б.
Набиуллин Ж. Қас қағым: жыр кітабы. – Алматы: Жазушы, 1983. – 88 б.
Набиуллин Ж. Жырлайды жырлар: өлеңдер, поэмалар. – Алматы: Жазушы, 1985. – 192 б.
Набиуллин Ж. Жоғары кернеу: өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 1989. – 128 б.
Набиуллин Ж. Жетінші перне: Таңдамалылар. Естеліктер. Толғаныстар.Түйіндер. Өлеңдер
/ жауапты ред. А. Бектұрғанов. – Орал: “Полиграфсервис”, 2001.
Набиуллин Ж. Он сегіз жасқа толмаған махаббатым: өлеңдер мен толғаныстар. – Орал: Ағартушы, 2009. – 193 б. – (Ақ Жайық қаламгерлерінің кітапханасы).
Набиуллин Ж. Таңдамалы шығармалар жинағы: лирикалық өлеңдер / құраст. ақынның зайыбы А. Салықова. – Алматы: «Өлке» баспасы. – 2015. – 400 б.
Набиуллин Жанғали: өлеңдер // Жайық үні. – 2015. – 20 тамыз. – Б. 9.

*****

Набиуллин Жанғали: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия. – Алматы, 2002. – Б. 410.
Набиуллин Жанғали: өмірдерек // Қазақстан жазушылары: анықтамалық / құраст.: С.Қамшегер, Қ. Жұмашева. – Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2009. – Б. 292.
Джумагазиева Б. Жыр мұхитының жиһангері: ақын Жанғали Набиуллиннің шығармашылығы жайында // Жайық ұстазы. – 2016. – 28 қыркүйек. – Б. 4.
Нәріков А. Жырлап өткен Жанғали: ақын туралы // Қазақ әдебиеті. – 2016. – 25 қараша – 1 желоқсан. – Б. 47.