Нарудинова Зоя Орынғалиқызы 1968 жылы 10 қарашада Волгоград облысының Палласовка ауданы, Эльтон елді мекенінде дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін, Волгоград қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне түсіп, 1989 жылы «Мәдени-көпшілік жұмыстарын ұйымдастырушысы» мамандығын бітірген. Оқуды бітірген соң, Бөкейорда мәдениет үйіне мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, он бір жыл жұмысы жасағаннан кейін, Бөкейорда аудандық военкоматында нұсқаушы болып бір жыл қызмет атқарады. 1991 жылы Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан мәдениет институтына оқуға түсіп, «кітапханашы-библиограф» мамандығын алып шығады.
1996 жылдан Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жұмыс істейді. 2000 жылға дейін абонемент, мерзімді басылымдар, бұқаралық жұмыстар бөлімінде кітапханашы, 2000-2006 жылдары әдіскер, жетекші маман, 2007-2017 жылдары өнер бөлімінің меңгерушісі, 2017 жылдан бері оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі қызметін атқарып келеді.

Зоя Орынғалиқызы кітапханада жобалар ұйымдастырып, ауқымды шаралар өткізуге белсене атсалысады. Облыс кітапханаларына әдістемелік көмек ретінде «Тарихымызды түгендейік», «Мамандарға көмек», өңірімізден шыққан белгілі ақын-жазушылардың өнегелі өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған әдістемелік мультимедиялық құралдар шығарды. Кітапхана ісіне байланысты республикалық, облыстық басылымдарда мақалалары жарық көрді. Кітапхана оқырмандарының сұранысын кеңірек қамту бағытында заманауи бағыттағы қызмет түрлерін дамытуды қолға алып, зор үлесін қосып келеді.

Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапхана бойынша «Рухани қазына» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды, жобаларды ұйымдастыру ісіне қатысты. «Жаңарған дәуір-жаңғырған оқу» жобасы аясында кітап оқуды насихаттау бағытындағы жұмыстар, «Жазғы оқу: кітаппен демалыс» атты ашық аспан астындағы жазғы оқу залдарын, «Кітапхана тарихы мерзімді басылым беттерінде» онлайн жобаларын ұйымдастырды.
Мәдениет саласының дамуына қосқан үлесі үшін Нарудинова Зоя Орынғалиқызы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен (2011 ж.), Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының «Кітапхана ісінің шебері» төсбелгісімен (2019ж.) марапатталды.