Айтпағамбетова Нұрсұлу Батырқызы Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Сулыкөл ауылында 1967 жылы 8 наурызда дүниеге келген. 1984-1986 жылдары Орал мәдени-ағарту училищесінде оқып «Кітапханашы» мамандығы бойынша бітіріп шықты. 2003 жылдан бастап Мичурин ауылдық кітапханасында кітапхана меңгерушісі болып қызмет атқарып келеді. 2004-2007 жылдары М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің «Кітапханатану және библиография» мамандығы бойынша сырттай оқып бітірді. Өлкетану жұмыстарымен белсене айналысады. 2004 жылы Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы ұйымдастырған «Шағын Отан» байқауына қатысып, Мичурин ауылының тарихы жайында «Село тарихы мен адамдары менің санамда» энциклопедиялық еңбегі үшін «Өлке тарихына құнды дерек қосушы кітапханашы» номинациясынан І дәрежелі дипломмен марапатталды. 2007 жылы Шәңгерей Бөкейұлының 160 жылдығына арналған «Шәңгерейдің шұғылалы жырлары» атты Х.Есенжанов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған облыстық байқауға қатысып, «Алмастай өткір сұңғыла жыр» атты әдістемелік жұмысымен бас жүлдені жеңіп алды. 2008 жылы Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының, 2013-2017 жылы Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының Алғыс хаттарымен марапатталды. 2019 жылы ҚР «Қазақстан Таланттары Өнер-Білім дамыту шығармашылық орталығының» «Үздік қызметкер» төс белгісімен марапатталды. Жұмысына жауапты, кітапхана құжаттарына ұқыпты. Оқырмандармен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Балалар мен жасөспірімдерге патриоттық тәрбие, салауатты өмір салтын насихаттап, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығына мерекелік шаралар өткізу, оқырмандарды жаңадан келген кітаптармен таныстыру Нұрсұлу Батырқызының негізгі жұмыс бағыттары. Көпшілікпен тіл табыса білетін Н.Айтпағамбетова алдағы уақытта да ауыл тұрғындарымен тығыз байланыс жасап, кітапханаға оқырман тарту мақсатында жұмыстана береді.