Қыдырболат Оразұлы 1953 жылы 2 мамыр айында Жәнібек ауданы, Ақоба ауылында дүниеге келген. Хаби Халиуллин атындағы мектепті бітірген. Әскери міндетін өтеп келген соң, Ақоба ауылында еңбек еткен. Анасы Өтенова Қабира жанынан өлең шығарып, өзі ән етіп орындап отыратын болған. Қыдыр ағамызға ақындық қасиет осы кісіден дарыса керек. Ол өлең жазуды 1966 жылдан бастаған. Оның өлеңдері жергілікті «Шұғыла» газетінде жарияланып тұрды. Тірісінде тағдырдың тауқыметі мен тұрмыстың тақсыретін бір кісідей – ақ тартқан ақынның өзегін жарып шыққан өлеңдерін тамсанбай, толқымай, таңқалмай оқи алмас ең. Жыр сүйер қауымға «Ақын», «Туған елге», «Көктем келді», «Ауғаннан тірі келгендерге»,
«Өлең», «Көңіл мұңы» т.б. өлеңдері өте ыстық.
Менде жоқ ұзақ – сонар өмірбаян,
Кім екенім халқыма, еліме аян.
Қарапайым атым бар – «Қыдыр» – деген,
Қызыл тілім сөйлеуге мүдірмеген.
Жап – жарық жырдан жаққан шырағым бар,
Кеудемде Ақ Жайықтай бір ағын бар.
Барар жерге бір сәтте жеткізетін,
Көлігім – «шабыт» – деген пірағым бар –
деп өз өмірбаянын баяндаса,
Армысың, сағындырған далам менің,
Жабыққан жанға шипа самал желің..—
Өзіңе барады ұшып жыл құсындай,
Сағыныш сазын айтып тізбек өлең. —
Туған ел, топырағың бұйырғай деп,
Тілеймін жатсам – тұрсам бір алладан –
деп туған жерін жырлайды.
Ақын Қыдыр Оразұлы 2005 жылы дүниеден өтті.
Әдебиеттер:
Оразұлы Қ. Баспаханаға. Ақын. Қарындасқа: өлендер // Шұғыла. – 2000. – 5 мамыр.
Оразұлы Қ. Туған елге. Көктем келді. Көңіл мұңы: өлеңдер // Шұғыла. –2002. – 9 мамыр.
*****
Өтей Н. Ақынын сыйлаған ел // Шұғыла. – 2007. – 25 мамыр. – 3 б.
Ықсанғали С. Аудан атауы қайдан шыққан?: қысқаша тарихи деректер және ақын Қ.Оразұлының өлеңдері // Орал өңірі. – 2002. – 22 тамыз.