Павел Степанович Садомсков 1923 жылы Батыс Қазақстан облысы, Приурал ауданы, Дарьинск ауылында дүниеге келген. 1942 жылдың қыркүйегінен майдандағы армияда. 1943 жылдың ақпанына дейін Одесса жаяу әскерлер училищесінде оқиды, оны бітіргеннен кейін майданға жіберіледі.
Отанға деген сүйіспеншілік, батылдық, тапқырлық – Павел Садомсковқа тән осы қасиеттер оны саналы солдат жасады. Ұлы Отан соғысының екінші жылы он сегіз жасар жас жігіт Отанды қорғаушылардың сапынан өз орнын алды. Барлық сын сағатта да Павел Садомсков Отан алдындағы қасиетті парызын қастерлеп өтті.
Днепрден өту кезінде Павел Садомсков жаңбырдай жауған жау оғының астымен қарсы жақ жағалауға ұмтылды. Ішінде Павел Садомсков бар бір топ жауынгерлер Днепр жағасына бекініп алып, жаңадан күш келгенше фашистердің шабуылын тойтара берді.
Павел Садомсков жолдастарының өміріне қатер төнгенде, әлденеше рет жауапкершілікті өзіне алып отырды. Бір ұрыста бөлімше командирі қаза болады. Сәл кешігу жауынгер жолдастарының өміріне қатер төндіретінін және бүкіл операцияны іске асыруға кедергі жасайтынын ұққан Павел Садомсков басқаруды өз қолына алып, жеңіске жетті.
987-атқыштар полкінің барлаушыларына тұтқын алып келу бұйырылды. Тапсырманы орындауға аттанған топтың ішінде Павел Садомсков та бар еді. Пулеметті басып алуға рұқсат алған Павел Садомсков жау пулеметшісіне оқша атылды, оның көзін құртты да, пулеметті кері бұрып, жауға оқ жаудырды.
Бұл ұрыста Павел Садомсков 50 фашистің көзін құртты, неміс командованиесінің штабына апара жатқан құнды құжаттары бар обер-ефрейторды тұтқынға алды.
Днепрден соғысып өту кезіндегі көрсеткен батырлығы мен тапқырлығы үшін Павел Степанович Садомсковқа 1943 жылы 17 қазанда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Соғыстан кейін Самара қаласындағы аэродром жабдықтар зауытында жұмыс істеді.1998 жылы 28 тамызда қайтыс болды.
Ленин, Отан соғысы ордендерімен марапатталған. Дарьинск ауылының құрметті азаматы болды.
Әдебиеттер тiзiмi
1965 жыл
1.Өтелген парыз // Орал өңірінің батырлары.-Орал, 1965.-41-42 б.
1969 жыл
2.Садомсков Павел: өмірдерек // Совет Одағының қазақстандық Батырлары.- Алматы, 1969.-Т.2.-203-204 б.
1985 жыл
3.Қайырғалиев М. Толқынды Днепрдің жағасында // Орал өңірі.-1985.-14 мамыр.
2005 жыл
4.Садомсков Павел: өмірдерек // Ақжайық ақберендері.-Алматы: Өлке, 2005.-33 б.
2010 жыл
5.Зеленовтық Кеңес одағының Батырлары: Павел Садомсков туралы // Ауыл тынысы.- 2010.-7 мамыр.-2 б.
6.Садомсков Павел: өмірдерек // Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары.- Алматы: Өнер, 2010.-210-211 б.
7.Садомсков Павел: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.- Алматы: Арыс, 2010.-454 б.