Қуанаева Гүлсім Фазылқызы Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Шоқтыбай ауылында 1962 жылы 20 қаңтарда дүниеге келген.
1979 жылы Шыңғырлау ауданындағы Шиілі орта мектебін бітірген.
1985-1987 жылдары Ақтөбе мәдени ағарту училищесін «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша тәмамдайды.
1993 жылы Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтының «Кітапханатану және библиография» факультетінде сырттай білім алады.
1980 жылы Жаңакүш ауылдық клубының меңгерушісі қызметін атқарады.
1980 жылдың қараша айында автоклуб меңгеруші қызметіне ауыстырылып, 1981 жылы Қызылкөл орталықтандырылған клуб жүйесінің музыка жетекшісі қызметін атқарады.
1983 жылдың қараша айынан аудандық орталық кітапханасының «Кітап қорын өңдеу және толықтыру» бөлімінің аға кітапханашысы қызметін атқарады.
1996 жылдың 15 шілдесінен Шыңғырлау ауданы әкімінің бұйрығы негізінде Шыңғырлау аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры қызметін атқарып келеді.
Жалпы еңбек өтілі – 41 жыл, соның ішінде кітапханалық еңбек өтілі – 38 жыл.
Гүлсім Фазылқызы кітапханалық қызметінде өзін өз ісінің маманы ретінде танытып келеді. Ол басшылық еткен аудандық кітапхана бірнеше жылдар бойы облысымыздағы ең таңдаулы мәдениет ошағы болып табылуда.
Гүлсім Фазылқызы жоғары деңгейдегі кәсіптік шеберлігімен, бекітілген жұмыс шеңберінде жауапкершілігі, өзіне және ұжымына қойған талапшылдығымен көзге түседі. Кітапхана жүйесінің жұмысында өзінің өндірістік тәжірибесін және білімін қолдана отырып, қазіргі заман талабынан қалыспай, ұжымына жаңа озық жұмыс әдістерін енгізе білуде.
Гүлсім Фазылқызы тәуелсіздігіміздің дамуы мен саяси тұрақтылыққа да «Нұр Отан» ХДП мүшесі ретінде өзіндік үлесін қосумен қатар, ұлттық мәдени орталықтар мен бірлесе атқарған шаралар конфессияаралық қарым-қатынастарды нығайта түсіп, отанымызға деген сүйіспеншілікті арттырудан тайынбай Тәуелсіздік жылдарында кітапхана ісінің жаңа келбетін қалыптастыруда қиын кездерде ұтымды шешімдер қабылдап, жұмыс сапасын арттырып, ұжым мәртебесін арттыра білді. Ақпараттық ресурстарды қалыптастыру жолдары мен тәсілдерін қарастыра отырып заман талабына сай қадам баса білді. Оның дәлелі ретінде 2006 жылы кітапханаларда «КАБИС» бағдарламасының енгізілуін, 2019 жылы кітапхана сайтының іске қосылып оқырмандарға қашықтан қызмет көрсетілуін және мәдени, ақпараттық қызмет көрсететін ауылдағы жаңа кітапхананың стандартын дамыту бағытында 2016 жылы Ащысай, Шоқтыбай, Ақтау кітапханаларына Модельді кітапхана статусы беріліп, 2019 жылы аудандық балалар кітапханасы жанынан Коворкинг орталығының ашылуын айтуға болады.
Гүлсім Фазылқызы Шыңғырлау аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі бойынша пайдаланушылар арасында өткізілген кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық әдебиетіміздің ең үздік туындыларын насихаттау және тұрғындардың назарын кітап оқуға аудару, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, патриоттыққа тәрбиелеу сияқты көптеген көкейтесті тақырыптарға арналған облыстық кеңестердің, шығармашылық зерделі кеңестердің, тағы да басқа мәдени шаралардың ұйымдастырушысы бола білді. Атап айтатын болсақ, 2007 жылы «Балалар мен жасөспірімдерді Қазақстандық патриоттыққа тәрбиелеудің бағыттары» атты облыстық семинар, 2011 жылы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы – Аймақтағы кітапхана ісінің белестері» атты облыстық семинар, Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған «Кәсіби эстафета», 2014 жылы «Ауыл кітапханаларының мониторингі» жоба жұмыстары Шыңғырлау аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінен бастау алды. Сонымен қатар 2017 «Ауыл кітапханаларының фестивалі» облыстық жобасы, 2019 жылы «Кітапханалық өлкетану: Мәңгілік руханият бастауы» тақырыбында аймақтық семинар Шыңғырлау аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі базасында өткізілді.
Гүлсім Фазылқызы облыс көлемінде өткізілетін түрлі семинар-конференцияларға және 2011 жылы Қызылорда қаласында өткен республикалық деңгейдегі «Қазақстан кітапханалары тәуелсіздік жылдарында: жетістіктері мен даму бағыттары» атты конференцияға, 2012 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ұйымдастырылған «Кітапхана қызметінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану мүмкіндіктері» атты біліктілікті жоғарылату курсына қатысты.
Гүлсім Фазылқызы қызметіндегі қол жеткізген табыстары үшін облыстық мәдениет басқармасының (2003 ж.), Мәдениет басқармасының бастауымен өткізілген «Ауыл энциклопедиясы – шағын Отан» байқауына белсене қатысқаны үшін (2004 ж.), Облыстық мәдениет басқармасының «Балалар мен жасөспірімдерді Қазақстандық патриоттыққа тәрбиелеу бағыттары» тақырыбында аймақтық семинарды жоғарғы деңгейде ұйымдастырғаны үшін (2007 ж.), Ж.Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференциясының өтуіне белсене қатысқаны үшін (2010 жылы), Облыстық мәдениет басқармасының мәдени саланың дамуына қосқан үлесі үшін (2011 ж.), Батыс Қазақстан өңірінің кітапхана ісі мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының (2012 ж.) Алғыс хаттарымен марапатталды.
2015 жылы мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасынан “Үздік кітапхана қызметкері” атағына ие болды.
2016 жылы қазан айында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы атынан «Кітапхана саласының үздігі» және ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.
2019 жылдың қараша айында Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен кітапхана қызметкерлерінің мерейін асқақтату, ұлттық-мәдени бірлікті дамыту жолындағы еңбектеріне құрмет көрсету мақсатында өткен «BIBLIO QOSHEMET – 2019» салтанатты шарасында «Үздік директор-2019» номинациясымен марапатталды.
2021 жылы «Nur Otan» партия төрағасының бірінші орынбасары атынан Құрмет грамотасымен және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ауданымыздың кітапхана саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі мен ұзақ жылғы адал қызметі үшін Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағынан «Еңбек даңқы» мен Қазақстандық кітапханалық одағынан «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгілерімен марапатталды.

Отбасылы, екі қызы бар.