Сағынова Нұрлыгүл Аяпқызы 1968 жылы 17 қазанда Орал облысы, Казталов ауданы, Қошанкөл ауылында дүниеге келген. Ғ.Бегалиев атындағы орта мектепте 1975-1985 жылдары оқып, мектеп бітірген соң, 1985 жылы Шымкент педагогикалық мәдениет институтына оқуға түседі. 1989 жылы аталған оқу орнын кітапханашы – библиограф мамандығы бойынша бітірген. 1989-1991 жылдары Казталов ОКЖ-не қарасты Қошанкөл ауылдық кітапханасына кітапханашы, 1991-1994 жылдары Қошанкөл ауылындағы Ғ.Бегалиев атындағы орта мектепте тарих сабағынан ұстаздық етті. 1994-2001 жылдары Қараоба ауылының Ғ.Қараш атындағы гимназиясында мектеп кітапханашысы қызметін атқарған. 2000-2003 жылдары БҚМУ-нің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.
Ж.Молдағалиев атындағы ОӘҒК-да 2003 жылдан жұмыс жасап келеді. Кітапханашы, кітапхана ісін дамыту бөлімінің жетекшісі қызметтерін атқарған Нұрлыгүл Аяпқызы 2017 жылдан бастап Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының кітапхана жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымын атқарып келеді.
Кәсіби білімі мен біліктілігі жоғары, рухани дүниетанымы кең, жаңашылдыққа құштар, ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетімен облыс, республика көлемінде ұйымдастырылып жүрген барлық іс-шараларға атсалысып, облысымыздың мәдениетін дамытуда үлкен үлесін қосып, облыстық, республикалық деңгейде кітапханашылармен форумдар, семинарлар мен конференциялар ұйымдастыруда кәсіби маман екендігін көрсетіп келеді. Өзі де халықаралық конгресс, республика көлемінде өткен конференцияларға қатысып, кітапхана ісін дамыту бағытында баяндама жасады.
Нұрлыгүл Аяпқызы облыс кітапханаларына әдістемелік көмек көрсетіп, кітапхана ісін дамыту жұмыстарын қадағалап, ауыл кітапханаларына мониторинг жүргізіп, облыс кітапханалары жүйесінің сақталуына зор еңбегін сіңірді.
Н.Сағынованың ұйымдастыруымен «Уақыт және кітапхана: Батыс Қазақстан облыстық кітапханаларының кітапханалық кеңістігі» аймақтық (2016), «Кітапхана-халықтың мәдени мұрасын дамыту және сақтау орталығы» облыстық семинарлары, «Цифрлық дәуір талабы-заманауи кітапханалық қызмет» облыстық семинар-тренингі (2017), «Бір көше-бір тарих» облыстық шарасын (2018), «Жұбан жыры жадымызда» облыстық фестиваль-марафоны (2019), «Библио-керуен» облыстық жобасы (2019), Молдағалиевтың 100 жылдық мерейтойына орай «Жұбанның жыры-ғасырлар үні» тақырыбында халықаралық ғылыми онлайн конференция (2020), «Жұбан ұрпақтар жүрегінде» атты ХХ Жұбан оқулары (2020) халықаралық деңгейде өткізілді.
Кітапхана саласының дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының «Құрмет грамотасымен» (2020), Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен (2015) және Батыс Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хатымен (2017) , «Мәдениет саланың үздігі» (2022) төсбелгісімен марапатталды.