Шәкенов Мейірман Орынбасарұлы 1993 жылы 6 қаңтарда БҚО Ақжайық ауданы Жұбан ауылында дүниеге келген. 2000-2011 жылдары Талап орта мектебінде білім алды. 2011- 2013 жылдары Орал Гуманитарлық колледжінің «Кітапхана ісі» мамандығын бітіріп, 2013 жылдан бастап Жұбан ауылдық кітапханасының меңгерушісі. Қабілетті, қарымды, әдебиет-мәдениетке деген ынтасы зор. Мінезі біртоға, сабырлы жолдастарына адал екендігін өзінің адамдарға деген қарым- қатынасынан көруге болады. Ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары. Мейірман Орынбсарұлы – суырып салмалық айтыс өнерінің өкілі. Ол рухани орда кітапхана маманы ретінде оқуды қалыптастыру, оқщу мәдениетінің деңгейін көтеруде еңбек етіп, ғаламтор дамыған заманда да кітаптың қадірі жоғары екенін оқырмандар назарынан шығарған емес.
Мектеп сахнасында жүргеннен-ақ аудандық, облыстық жас ақындар мен тілшілердің байқауына поэзия жанры бойынша түрлі іс-шараларға қатысып жүлдегер атанды. Ең алғаш айтыс сахнасына 2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Біл, жас ұрпақ, бұл Жеңістің бағасын!» атаумен өткен айтысқа қатысып, «Жұбан елінің жас ақыны» аталымымен марапатталды. «Жыл үздігі-2011», БҚО жастар сыйлығы «Жас ақын» және «Үздік студент» номинациясының дипломанты. 2012 жылы Алматы қаласында өткен ҚР Тәуелсіздігінің 21 жылдығы мен Орталық Азия Университетінің 15 жылдығына орай өткізілген «Жыр Дода» республикалық ақындар айтысының дипломанты. 2013 жылы БҚО айтысының 55 жылдығына орай өткізілген «Азаттықтың ақ таңы» атты облыстық айтыстың 4-орын және Амангелді Ғұбайдуллин атындағы сыйлық жүлдегері, 2012 жылы «БҚО айтысының 55 жылдығы қарсаңында атамұра өнерге ерекше үлес қосқаны үшін» Облыс ақыны атанды, (2013 жылы) «Жұбан елі-жыр әлемі» атты облыстық ақындар айтысында 1-орын, Жайық толқыны өлкетану фестивалінде «Әдеби шығармашылық бағытында «Жас ақын» номинациясы 1-орын, «Жарқыра Жайық жастары» облыстық айтысының және облыстық Қадыр оқуларының 1-орын иегері, сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президент күніне арналған сырттай шығармалар байқауында 1 орынды қанжығалады. Аудандық «Жайық таңы» газетінің 90 жылдығына орай өткен облыстық «Жайық таңы-жыр таңы» айтысының 1 орын және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған ақындар айтысының «Бас жүлде» иегері.
Маңдайалды мәдениет қызметкері сапындағы оның тағы бір қыры баспасөзбен ұдайы байланыс. Аудандық, облыстық, республикалық газеттерде мақалалары, сыни пікірлері жарияланып, 2016 жылы сәуір айында елдің бас газеті Егеменге «Жер-Ананың жүрегі аман соқсын» атты көлемді мақаласы жарық көрді.
Мейірман Орынбасарұлы округтік сайлау комиссиясының төрағасы, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай аудан әкімінің тапсырмасымен құрылған «Өрле ауылым» өнер керуенінің жетекшісі және Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі. 2020 жылы Батыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы «Кітап оқу-биікке самғар жол» тақырыбындағы халықаралық ZOOM конференциясына қатысқаны үшін сертификат иеленіп, IV «Рухани қазына-2021» байқауының «Үздік ауылдық кітапхана» аталымы бойынша облыстық жеңімпазы атанып, Нұр-Сұлтан қаласында өткен фестивальге онлайн қатысып бақ сынасты. Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ҚР Ұлттық кітапхана басшысы Ү.Мұңалбаеваның және облыстық мәдениет басшысы С.Дүйсеновтың алғыс хатымен марапатталды.