Тұяқова Жанаргүл Захарқызы 1967 жылы 24 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Қамысты ауылында дүниеге келген. Білімі-жоғары. Жәнібек ауылдағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің аудандық модельді балалар кітапханасының басшысы. Жалпы жұмыс өтілі – 36 жыл, кітапхана саласында – 36 жыл. Жанаргүл Захарқызы 1984-1986 жылдары Орал мәдени-ағарту училищесін тәмамдап, 2004 жылы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінде «Кітапханатану және библиография» мамандықтары бойынша бітірген. 1986-1988 жылдары Жәнібек ОКЖ-нің директорының қызметін атқарған. 1988-1992 жылдары аудандық кітапханада библиограф қызметін атқарған. 1992-1995 жылдары аудандық балалар кітапханасының басшысы, 1995-2000 жылдары кітап қорын өңдеу және толықтыру бөлімінде редактор, 2000-2002 жылдары аралығында аудандық балалар кітапханасында кітапханашы қызметтерін атқарған. 2002 жылдан бастап аудандық модельді балалар кітапханасының басшысы қызметін атқарып келе жатыр.
Өз ісіне шын берілген Жанаргүл Захарқызы өзі жұмыс жасайтын аудандық модельді балалар кітапханасын аудандағы мәдени ортаға айналдырды. Өз өлкесінің тарихын оқырмандар арасында насихаттау бағытында Ж. Тұяқованың басшылығымен «Жас өлкетанушы» қызығушылар клубы құрылып, тұрақты жұмыс жасап келеді. Кітапхана жұмысында оқырмандар арасында демеушілік көмегін тартып, қайырымдылық акцияларды ұйымдастыруда. Жас кітапханашыларды шығармашылық жұмыстарға белсенді қатысуға тәрбиелейді. Өз әріптестері алдында зор беделге ие, үнемі өзінің жинақтаған өмірлік, іскерлік іс-тәжірибесімен бөлісіп отырады.
Жанаргүл Захарқызы кітапхана саласындағы жемісті еңбегі үшін аудан, облыс әкімінің және аудандық, облыстық кітапханалардың директорларының атынан алғыс хаттарымен марапатталған. 2011 жылы «Ел тағдыры-Тәуелсіздік тағдыры» аудандық шығармашылық байқауына қатысып, 1-ші дәрежелі, 2016-2017 жылдары Ресей Федерациясы Самара қаласындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Е.Канигинаның 7-Халықаралық «Балаларға соғыс туралы кітап оқимыз» акцияға қатысқаны үшін дипломдармен марапатталған.
2021 жылы Қазақстандық Кітапханалық Одақ атынан «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапатталды.