Василий Федорович Тарасенко 1912 жылы Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Киров ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап ол инженерлік әскер қатарында болды. Сержант сапердің даңқты әскери істері көп. Ол әсіресе, Днепрден соғысып өту кезінде ерлік көрсетті.
1942 жылы неміс басқыншыларының шығысқа қарай «жеңімпаз» сапары тоқтатылды да, 1943 жылдан бастап оларды совет жерінен қуу басталды. Саперлер батальонының сержанты Василий Тарасенко бұл жылдар ішінде көптеген ерлік істер істеді. Командование оның әскери қызметін жоғары бағалап Қызыл Жұлдыз орденімен наградтады.
Жауынгер жаны ұрыстарда шынығып, шеберлігі шыңдала түсті. Бұл әсіресе Днепрден өтерде болған ұрыстарда айқын дәлелденді. Сержант Василий Тарасенко жаяу әскерлердің Днепрдің оң жақ жағалауына өтуін қамтамасыз етуге бұйрық алды.
Саперлер командасын, қажетті жабдықтарды алып, Василий Тарасенко бұйрықты орындауға кірісті. Жұмыс аяқталуға таяу қалғанда, саперлер мінген қайыққа снаряд тиді.
Жағаға жүзіп шығуға тура келді. Жаңадан материалдар алып, жауынгерлер жұмысқа қайта кірісті. Жақын маңда жарылған снаряд жарқыншағы саперлер командирінің қолын жаралады. Бірақ сержант Василий Тарасенко қатардан кеткен жоқ, жауынгерлердің жұмысын бұрынғысынша басқара берді.
Әскери тапсырма орындалып, Днепрден өту қамтамасыз етілгеннен кейін ғана Василий Тарасенко өз ротасына оралды. Ұрыс кезіндегі батырлығы мен ерлігі үшін Василий Тарасенко 1943 жылы 30 қазанда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Ленин, Қызыл Ту ордендерімен марапатталған. Василий Тарасенко 1979 жылы 13 қаңтарда қайтыс болды. Киров ауылындағы орта мектепке батырдың аты берілген.
Әдебиеттер тiзiмi
1965 жыл
1.Сапер Василий Тарасенко // Орал өңірінің батырлары.-Орал, 1965.-49-50 б.
1969 жыл
2.Тарасенко Василий: өмірдерек // Совет Одағының қазақстандық Батырлары.-Алматы, 1969.-Т.2.-279-280 б.
1975 жыл
3.Орынбасаров Қ. Сапер ерлігі // Орал өңірі.-1975.-19 сәуір.
4.Ұлы Отан соғысы және еңбек ветерандарымен кездесу: Совет Одағының Батыры В. Тарасенкомен кездесу жайлы // Орал өңірі.-1975.-8 мамыр.
1985 жыл
5.Шахин А. Сапер В. Тарасенконың Днепр плацдармындағы ерлігі // Орал өңірі.-1985.-18 сәуір.
2005 жыл
6.Тарасенко Василий: өмірдерек // Ақжайық ақберендері.-Алматы: Өлке, 2005.-39 б.
2010 жыл
7.Тарасенко Василий: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.- Алматы: Арыс, 2010.-483-484 б.
8.Тарасенко Василий: өмірдерек // Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары.-Алматы: Өнер, 2010.-232 б.