Владимир Захаров 1915 жылы дүниеге келген. 1941 жылдың тамызында әскерге шақырылады. 1943 жылдың мамырынан соғыс аяқталғанға дейін Орталық және 1-Беларусь майдандарында барлаушы ретінде соғысқан.
Орловск-Курск иіні, Поныри станциясы үшін болған ұрыс мәңгі есте сақталмақ. Соғыс үстінде станция талай рет қолдан-қолға көшіп отырды. Оралдықтар бұл ұрыста асқан батылдық пен табандылық көрсетті. Ұрысқа қатысқандардың көпшілігі ордендермен, медальдармен наградталды. Бақылаушы-радист сержант Владимир Захаровтың омырауына алғашқы «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалі тағылды.
Днепр үшін болған ұрыста әскери бөлімдерге Гомельдің батыс жағынан Днепрден өту, Речица ауылын басып алу бұйырылды. Бар мүмкіндікті пайдалана отырып шұғыл іске кірісу керек болды. Өзеннің екінші жағына өту әрекетінің екеуі де нәтижесіз аяқталды. Қараңғы түнді жамылып бір топ автоматчиктер өзеннің оң жағына өтіп шықты. Артиллерия барлаушылары да арғы жаққа өтті. Бұл жолы жауынгерлердің аз ғана тобы ұлтарақтай жерге орын тепті. Артиллерияның күшімен жаудың бірнеше рет жасаған шабуылына тойтарыс берілді. Ұрыста ерлік және батырлық көрсеткені үшін бақылаушы Владимир Захаров «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды.
Варшава үшін болған ұрыс та тарихта алтын әріппен жазылды. Варшава түбіндегі Прага совет әскерлерін жылы шыраймен қарсылай қойған жоқ. Фашист командованиесі бұл қорғанға үлкен сенім артқан болатын. Танкілердің қиян-кескі шайқасы басталды. Совет танкілері мен артиллерия бөлімшелері жаяу әскерлерге жол ашып отырды. Мұнда да радист Владимир Захаров алдыңғы шепте болды.
Артиллеристер үшін Польша территориясындағы ең соңғы кескілескен ұрыс – 1945 жылы Калиш қаласын жаудан босату ұрысы болды. Қатты ұрыс екі күнге созылды. Ақырында жау жеңіліп, жаяу әскерлер артиллерияға шын жүректен алғыс айтты. Бұл ұрыста Владимир Захаров екінші дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды.
Герман фашизмін талқандау жөніндегі ұлы шайқас аяқталғаннан кейін, артиллериялық бригада енді Берлин үшін болған ұрысқа қатысты. Старшина Владимир Захаров Берлиндегі ұрысқа қатысқаны үшін өзінің наградталғанын білмейтін. Армия қатарынан босап, елге қайтқаннан кейін де ол жөнінде хабарсыз болды. Тек үш жыл өткеннен кейін ғана облыстық соғыс комиссариаты, оған бірінші дәрежелі «Даңқ» орденін табыс етті.
Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Отан соғысы және Даңқ ордендерінің толық 3 дәрежесімен марапатталды.
Соғыстан кейін Владимир Захаров Орал қаласында сауда жүйесінде жұмыс істеді. Владимир Захаров 1990 жылы 2 сәуірде қайтыс болды.
Әдебиеттер тiзiмi
1965 жыл
1.Даңқтың шамшырағы : «Даңқ» орденінің толық кавалері Владимир Захаров туралы // Орал өңірінің батырлары.-Орал, 1965.-67-68 б.
1985 жыл
2.Қарашин А. Берлин бағытында: Владимир Захаров туралы // Орал өңірі.- 1985.-17 мамыр.
2005 жыл
3.Захаров Владимир: өмірдерек // Ақжайық ақберендері.-2005.-Алматы: Өлке, 2005.-20 б.
2010 жыл
4.Захаров Владимир: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.-Алматы: Арыс, 2010.-299 б.
5.Захаров Владимир: өмірдерек // Жеңімпаздар-Победители.-Орал, 2010.-50 б.