Еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, әрі ақын, әрі драматург Қажым Жұмалыұлы Жұмалиев 1907 жылы Орал облысы, Қаратөбе ауданы, Аққозы ауылына қарасты «Жалғыз ағаш» деген жерде дүниеге келген.
Алғашқы сауатын ауылдық мектептен ашқан. Ол 1923 жылы Орынборға келеді. 1925 жылы Орынбордағы «Ересектер мектебін» бітіргеннен кейін Шымкенттің ауыл шаруашылық техникумына түсіп, онда 1929 жылға дейін оқиды. Бірақ ол техникумды бітірмей-ақ 1929 жылы Алматыға келіп, қазіргі Абай атындағы педагогикалық институттың тіл және әдебиет факультетіне оқуға түседі. Оны 1932 жылы ойдағыдай бітіріп шығады.
1932 жылы Қазақтың Халық ағарту министрлігі Қажым Жұмалиевті Орал қаласында жаңадан ашылған педагогикалық институтқа оқытушы етіп жібереді. Қажым Жұмалиев бұл институтта 1932 жылдан 1937 жылға дейін ауыз әдебиетінен, қазақ әдебиетінің тарихы мен әдебиет теориясынан лекциялар оқиды.
Қажым Жұмалиев 1937 жылы Наркомпростың шақыруымен қайтадан Алматыға келіп, Абай атындағы педагогикалық институттың қазақ әдебиеті кафедрасына оқытушы болып орналасады. Сол жылы өзі жұмыс істеп жүрген қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалады. Содан өмірінің соңына дейін үзбестен отыз жыл бойы сол кафедраның меңгерушісі болып істейді.
1941 жылы «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихы» деген тақырыпта диссертация қорғап, қазақ әдебиетшілерінен бірінші болып, филология ғылымының кандидаты дәрежесін алады.
1946 жылы СССР Ғылым академиясының шығыстану институтында «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, сол жылы жаңадан ашылған Қазақ ССР Ғылым академиясына корреспондент мүше болып сайланды.
Ал 1967 жылдың ақпан айында Қазақ ССР Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланды.
Қажым Жұмалиев 40 жылдардан бастап көбінесе әдебиет ғылымымен айналысады. Оның күрделі әдеби зерттеу еңбегі – «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» (1948) монографиясы, Жұмалиев «Қазақ совет әдебиеті очеркінің» (1949) бас редакторы, «Қазақ әдебиетінің тарихы», 2-томы, 1-кітабының (1960) негізгі авторларының бірі және редакциясын басқарушы болды. Екі томдық «Қазақ эпосы мен әдебиеті тарихының мәселелерін көтерген «Стиль – өнер ерекшелігі» (1966) кітабын жазды.
Қажым Жұмалиев республика орта мектептерінің оқушыларына және жоғарғы оқу орындарының филология факультетінің студенттеріне арнап бірнеше оқулықтар шығарды. Осындай еңбектері үшін Ленин, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдарымен наградталды.
Ақ Жайық өңірінен түлеп ұшып әдебиетттің алуан саласында қалам тербеген Қажым Жұмалиев сан қырлы талант иесі еді.
Негізінде Қажым Жұмалиев әдебиетке өлеңмен келген қаламгер. Ал оның әдеби қауым арасында атын шығарған туындысы «Ерғожа мен Егізбай» поэмасы болатын. Осы кездегі оқырман лебізі талантты жастың үмітін орнықтырды. 1938 жылы «Шабуыл» атты өлеңдер жинағы, 1934 жылы «Қанды асу» атты өлеңмен жазылған эпикалық романы жарық көрді. «Достық пен Махамббат» (1957) поэмасы да кезінде жұртшылықтың жылы лебізін алған.
Қорыта айтқанда, Қажым Жұмалиев көркем әдебиеттің идеялық-көркемдік және эстетикалық-әлеуметтік мәні мен мазмұнын жарқырата көрсетуге күш салды. Ғалымның артына қалдырған мол мұрасы бұл айтылғандармен шектеледі деп ойламаймыз. Себебі, ол туған әдебиетімізде өзіндік мектебі, мәнері, шәкірттері бар қаламгер.
Әдебиеттер:
Жұмалиев Қ. Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі. – Алматы, 1948.
Жұмалиев Қ.Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері. 2 томдық. – Алма-Ата, 1958 -1960.
Жұмалиев Қ. Стиль – өнер ерекшелігі. – Алма-Ата, 1968.
Жұмалиев Қ. Жайсаң жандар: естеліктер. – Алма-Ата, 1969. – 348 б.
Жұмалиев Қ. Шығармалары. – Алматы, 2007. – 272 б. – (Ақ Жайық қаламгерлерінің кітапханасы.
Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы: оқу құралы. Т.4. – Орал, 2010. – 312 б. – (Ақ Жайық қаламгерлерінің кітапханасы).
Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. Т.2. -Орал, 2010. – 392 б. – (Ақ Жайық қаламгерлерінің кітапханасы).
Жұмалиев Қ.Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері.Т.1. – Орал, 2010. – 436 б.-(Ақ Жайық қаламгерлерінің кітапханасы).
Жұмалиев Қ. XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті. Т.5. – Орал, 2010. – 198 б. – (Ақ Жайық қаламгерлерінің кітапханасы).
Жұмалиев Қ. Стиль – өнер ерекшелігі: әдеби-зерттеу мақалалары. Т.3.- Орал, 2010. – 232 б.
*****
Жұмалиев Қажым: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия. – Алматы, 2002. –Б.291.
Жұмалиев Қажым: өмірдерек // Қазақстан жазушылары: анықтамалық / құраст.: С.Қамшегер, Қ. Жұмашева. – Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2009. – Б.174.
Атымов М. Қажым Жұмалиев: өмірі мен творчестволық қызметі. – Алматы, 1987. – 160 б.
Рысбеков Т. Тұғыры биік тұлға: ғалым, жазушы, аса көрнекті теоретик Қажым Жұмалиев туралы // Тарихи тұлғалар: уақыт және өмір жолдары. – Алматы. – 2014. – Б. 373 – 389
Мамыров А. Академик Қажым Жұмалиев архивінен: Қажым Жұмалиев туралы. – Тараз: Қарахан, 2017. – 439 б.
Мамыров А. Әдебиетке адалдық: Көшбасшы ғалым, көрнекті қоғам қайраткері, зергер жазушы, академик Қажым Жұмалиев туралы // Ана тілі. – 2017. – 6-12 сәуір. – Б. 7.
Бимұханов Е. Қажым іздеген Қибат әже: Ғұлама ғалым Қажым Жұмалиев жайында // Орал өңірі. – 2018 . – 23 тамыз. – Б. 9.
Зайкенова Р. Қазақтың Қажымы: жазушы, ақын, әдебиеттанушы, ғалым Қажым Жұмалиев // Қазақ әдебиеті. – 2018. – 2 ақпан. – Б. 22-23.