Жәрдем Сұпығалиев 1900 жылы Батыс Қазақстан облысы, Бөкей орда ауданының Жетібай ауылында дүниеге келген. 1936 жылы әскер қатарына шақырылады. Халкин-Гол маңындағы ұрыстарға қатынасып, ерлігімен көзге түседі. Халкин-Голде қарсы келген дұшпанның әуселесі қарқынды, ал қатыгездігі одан да бетер болғанын ақбасты тарих айғақтайды. Жапон самурайларының «харакири» жасап, өздерінің ішек-қарындарын аяқ асты ақтара салатын шексіз сұмдығын да көрді ауыл жігіті.
Бәлкім, тосыннан тап болған қаныпезерлік көріністерден жаны түршігіп тітіркенген-ақ шығар. Алайда, жаудан жасып беті қайтпағаны анық. Бақай қулықты білмейтін, тумысынан тіпті аңғалдау ауыл перзентінің бас-аяғы үш айға созылған осы соғыста қатарынан озып, омырауына «Ерлігі үшін» медалін, Қызыл Жұлдыз орденін тағынуы бұған толық куә.
Содан кейін Сталинград маңында фашист басқыншыларына қарсы кескілескен шайқастарға қатысты. Фашист басқыншылары Мәскеуді тікелей шабуылдап ала алмағаннан кейін оны оңтүстігінен және солтүстігінен орағыта айналып, қоршауға салып қыспаққа алуға әрекеттенгені белгілі. 1942 жылдың жазында осы мақсатпен Сталинград, Кавказ бағытындағы әскер күштерін үсті-үстіне шоғырлап, шабуылдарын үдете түсті. Кавказдың мол мұнайына, ауыл шаруашылығы өнімдеріне аса бай Дон, Кубанға сөйтіп шеңгелін салмақшы еді. Стратегиялық маңызы зор аймақтарды жауға алдыру Кеңес Одағы үшін басқыншылар алдында тізе бүгумен пара-пар. Сондықтан Бас Командашы Ставкасы бұл бағытта дұшпанға тойтарыс беріп қана қоймай, жұлынын біржолата үзудің шұғыл және жойқын шараларын жан-жақты ойластырып, асқан табандылықпен іске асырды.
Сталинград майданы кеңес адамдарының айбыны мен абыройын бүкіл әлем алдында паш етті. Қара темір шыдамай, шоқ болып жанып балқыған қияметке ет пен сүйектен жаралса да елін, жерін қорғағандар төзе білді, шыдап шықты. Жерлесіміз Жәрдем Сұпығалиев сол тозақтың ортасында жүріп, Отан үшін жан аямай шайқасты.
Соғыста көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін Жәрдем Сұпығалиев Даңқ орденінің толық 3 дәрежесімен марапатталды. 1943 жылы Орел облысының Калиновка селосы үшін болған шайқаста қаза табады. Родники селосында жерленген.
Әдебиеттер тiзiмi
2005 жыл
1.Әліпқали Т. Тағы бір батырыңмен мақтан, қазақ: Даңқ орденінің үш дәрежесінің толық иегері Жәрдем Сұпығалиев туралы // Орал өңірі.-2005.-19 ақпан.
2.Сұпығалиев Жәрдем: өмірдерек // Ақжайық ақберендері.-2005.-Алматы: Өлке, 2005.-53 б.
2011 жыл
3.Ұлы Жеңістің сәулесі: Жәрдем Сұпығалиев туралы // Орда жұлдызы.-2011.-25 ақпан.-3 б.