Жанабаева Жеңісгүл Қалиқызы 1971 жылы 9 мамырда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қаракөл ауылдық округінде дүниеге келді. 1978-1988 жылдар аралығында Қаракөл орта мектебін бітірді. Мектептен соң Алматы электрлі байланыс техникумында оқып, почта байланыс операторы мамандығын 1991 жылы тамамдап, Қаратөбе аудандық почта байланысы торабына жұмысқа орналасады.
1994-1995 жылдары Алакөл негізгі білім беретін мектебінде кітапханашы, математика пәнінің мұғалімі болып қызмет жасады.
1997 жылы отбасы жағдайымен Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек (Зеленов) ауданы Переметный ауылына қоныс аударады.
2000-2001 жылдары «АNDAS» оқу орталығында «Жеке электронды есептеу машинкасының операторы» курсын оқып бітірді. 2002-2005 жылдары Зеленов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде жеке электронды есептеу машинкасының операторы, 2005-2009 жылдары іс жүргізушісі болып қызмет атқарады. 2004 – 2009 жж. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің «Кітапханатану және библиография» мамандығын меңгеріп, 2009-2010 жылдары аудандық кітапхананың оқу залының кітапханашысы, 2010 жылдан ОКЖ-нің балалар және жасөспірімдермен жұмыс әдіскері, 2018 жылдың қаңтарынан бастап ОКЖ директоры қызметін атқарып келеді.
Жеңісгүл Қалиқызы кәсіби шеберлігі шыңдалған, кітапхана саласының өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген білімді де білікті маман. Ол кітап оқу мен кітапханаға оқырмандарды баулу мақсатында өтетін іс-шаралардың сапасын жіті қадағалап, кітапхана мамандарының кәсіби өсуіне ден қойып, іс-тәжірибе алмасу жұмыстарын ұйымдастыруда рухани дүниетанымы кең, жаңашыл өзгерістерді енгізуге жаны құмар іскер басшы.

Ж.Жанабаеваның жетекшілігімен түрлі облыстық кітапханалық жобалар іске асырылып, ауылдық кітапханаларды модельді кітапханаға айналдыру, түрлі облыстық семинар, тренинг, байқауларды ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді .

Ауыл кітапханаларының қызмет көрсету деңгейін көтеруде әдістемелік, іс-тәжірибелік көмек бере отырып, жаңа технологиямен, құрал жабдықтармен қамтамасыз етіп, заманауи кітапхана қалыптастыруда зор еңбек сіңіріп келеді.

Жеңісгүл Қалиқызы кітапхана саласына сіңірген еңбегі үшін 2020 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының «Қазақстанның құрметті кітапханашысы», 2022 жылы «Батыс Қазақстан облысының мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.