Көрнекті Алаш қайраткері, діндар-ақын Ғұмар Қараш 1875 жылы Ішкі Бөкейліктің (қазір Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы) Қырқұдық деген жерінде дүниеге келген. Ауыл молдасынан хат танығаннан кейін, Жалпақталдағы Ғ.Ғәлікейұлы ұстаған медреседе оқиды. 1902-1910 жылдары жиған білімімен ауылында, Тіленшісайда жәдитше бала оқытады. Сол шамада әйгілі Шәңгерей Бөкейұлының шақыруымен Көлборсыға мұғалім болып келеді. Жаңалыққа жаны құмар, имандылық пен дәстүрдің жібін үзбеген әдеби орта қалыптастыруға себепші болады. Қайраткер 1907 жылдан бастап татар және қазақ тіліндегі мерзімді басылымдарға мақала жариялай бастайды.
1911-1913 жылдары алғаш Ордада, кейін Оралда басылған «Қазақстан» газетін шығарысуға, оның саяси-мәдени әлеуетін көтеруге атсалысты. Осы кезеңде қазақтың саяси көзін ашатын, рухани байытатын «Ойға келген пікірлерім», «Бала тұлпар», «Аға тұлпар», «Қарлығаш», «Өрнек», «Тумыш», «Бәдел қажы» атты кітаптар жарияланды. Ол Ғабдолла Мұштақ (Алланың зерделі құлы) атты бүркеншікпен «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне мақалалар жазып тұрды. Орынборда «Шайыр…» және «Көксілдер…» атты жинақ шығарды.
Ғ.Қараш – ұлт идеясын көтеру мен елшілдік мәселесін талдап-таразылауды бірізді және жүйелі жазған қаламгер. Ол XIX ғасырда мұсылмандық Шығысқа ерекше серпін берген, тіпті Қазақ даласындағы Абай сынды даналардың рухани ниеттесіне айналған Мысыр мүфтиі Мұхамед Абдо мен пәлсапашы Жәлелатдин Афғани реформаларынан хабардар еді. Мысалы, ол «Ойға келген пікірлерім» атты фәлсафалық еңбегінде (1910) Мысырда оқыған, бірақ ізденгісі келмеген бір мұғалімге: «Рух туралы төрт кітап оқығаннан гөрі, Мұхаммед Ғабдудың (Абдо – Д.Қ.) Бахра сүресі туралы тәфсірін оқығаның дұрысырақ шығар», – деп айтқанын жазады. Әлбетте, Ғұмар бұл жерде басты ислам кітаптарын оқыма деп түрған жоқ. Оның айтпағы – канондарды таптаурын етпей, тазарту һәм тарату турасында болып отыр.
Осы ретте рухты оңалту мәселесін түбірлеп зерделеген Ғүмардың ойлары аса бағалы. Санаткер «Өрнек» аталынған еңбегінде (1911): «Адамдар әр ісінде Алланың көрсеткен жолымен жүрмесе, яғни себебіне кіріспесе, ыждағат етпесе, ғылым-өнер үйреніп, орнына қолданбаса, ол адам иман келтіріп, бойұсынған болып шықпайды. Бұл екпей егін күту һәм әкесіз перзент үміт ету секілді нәрсе», – дейді. Бұрынғы-кейінгі қазақ шындығын осы қағидатпен сараптап жіберсек, «әй, қап!»-қа үн қосып жіберетін жағдайымыз жоқ та емес. Мұны Ғ.Қараш та жақсы аңғарса керек, аталған кітабында: «Өнерсіз, жалқау халықтардың ақырында көрешегі өз алдына, дүниеде-ақ бек ащы жаза тартады. Тартқаны сол: басқа өнерлі, ғылымды елдерге құл болады. Қара басының билігі, ықтияры болмайды. Адамдар ретінде кіре алмайды, хайуан деуге сорты келмейді.
Әлбетте, Ғ.Қараш сыны – ұлтқа шын жаны ашыған адамның сыны. Оның елге, замандастарына айтқан ақылын да осы өреде түсінеміз. Заманаға шынайы көзбен қарайтын ақын: «Дүниеде не арзан?» деп сұраушыға «Біздің қазақ жігіттерінің ғұмыры» деп жауап берілсе, бек дұрыс жауап болмақ» дейді. Бұл пәлсапалық сұрақ пен жауап бүгін де көкейкесті естіледі. Қайраткер 1916 жылы бөкейліктер атынан Петерборға барып, Астрахан қазағы басып алған жерді және тиесілі жерді қазаққа орнымен бөліп бер деген өтініш хатты бас министрге тапсырады. 1917 жылы Ордада өткен Бөкей қазақтарының сьезіне қатысады. 1917-1919 жылдардағы Алаш қозғалысына белсене араласады. Алаш партиясы құрылатын бірінші жалпықазақ сьезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ сьезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. Өмірлік мәселелер мен діни ахуалды күн тәртібіне қойған Алашорда үкіметі – Ұлт кеңесі анықталатын екінші сьезде қази болып сайланды. 1918 жылы Ордадағы педагогика техникумында сабақ береді. Сол жылы қыркүйекте Бөкей губерниясының мұғалімдер сьезіне қатысады. 1918-1920 жылдары губерниялық кеңестердің төрт сьезіне делегат болады. Мұнда мағыналы сөз айтады. 1919 жылы Бөкей губаткомында істейді. Ордада ұйымдастырылған айына екі рет шығатын «Мұғалім» атты журналды шығарушылар алқасына кіреді. Ол осы журналда «Педагогика» атты еңбегін жариялайды. 1919 жылы «Дұрыстық жолы» газетінің алқа мүшесі әрі тілшісі болады. 1920 жылы маусымда Бөкейдің II губерниялық партконференциясында губкомның пленум мүшесі, ал сол жолы I пленумда губкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып сайланды. Қайраткер жаңа қоғам жұмысына белсене араласып, халық қамқоршысы ретінде танылды. Сөйткен тұлға 1921 жылы 12 сәуірде Құнаншапқан деген жерде қашқын әскерилер қолынан қапияда мерт болды.

Әдебиеттер:

Қараш Ғ. Дұрыстық жолы: әдеби мұра // Жұлдыз. – 1989. – №2. – Б.152 – 156.
Қараш Ғ. Аға тұлпар: өлеңдер / Дін уа мағшит мәтбағасы, Орынборда. 1914 жыл //Жұлдыз. – 1991. – №12. – Б. 67 – 83.
Қараш Ғ. Сырым батыр: өлеңдер // Орал өңірі. – 1991. – 5 желтоқсан.
Қараш Ғ. Әділ мен Шандоз // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 1992. – №3. – Б. 51 – 56.
Қараш Ғ. Тұрымтай: өлеңдер // Жұлдыз. – 1992. – № 1.
Қараш Ғ. Ұран. Алашқа. Алаш азаматарына: өлеңдер // Егемен Қазақстан. – 1992. – 28 наурыз.
Қараш Ғ. Тыңда қазақ сөзімді /құраст. Қ. Сыдиықов // Ақ Орда. – 1993. – №2.
Қараш Ғ. Замана: өлең, толғаулар, пәлсәпалық ой-толғамдар, мақалалар / құраст.:Қ. Сыдиықов. – Алматы: Ғылым, 1994. – 240 б.
Қараш Ғ. Тұр қазақ! өлеңдер // Орал өңірі. – 1995. – 14 наурыз.
Қараш Ғ. Жұртым саған не болды? // Жұлдыз. – 1998. – №9. – Б. 3.
Қараш Ғ. Ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің: қазақ тілі туралы // Тіл.- 2012. – №10. – Б. 66.
Қараш Ғ. Газет деген не зат?: газет туралы // Орал өңірі. – 2013. -16 наурыз. – Б.11.
Қараш Ғ. Қарлығаш: өлеңдер // Орал өңірі. – 2013. – 19 қыркүйек. – Б.10.
Ғұмар Қараш шығармалары / ұйымдастырушы, шығарушы Ж. Набиоллаұлы; құраст.:Қ.Құттымұратұлы, А. Қаршығалиқызы; тех. ред. Д. Зайноллаұлы; бет құраушы Н. Қуандықұлы. – Орал: І том: Поэзиялық шығармалары. – 2018. – 419 б.
Ғұмар Қараш шығармалары / ұйымдастырушы, шығарушы Ж. Набиоллаұлы ; құраст.: Қ. Құттымұратұлы, А. Қаршығалиқызы; тех. ред. Д. Зайноллаұлы; бет құраушы Н. Қуандықұлы. – Орал: ІІ том: Ойтолғамдары, мақалалары. – 2018. – 374 б.
Ғұмар Қараш шығармалары / ұйымдастырушы, шығарушы Ж. Набиоллаұлы ; құраст.: Қ. Құттымұратұлы, А. Қаршығалиқызы; тех. ред. Д. Зайноллаұлы. – Орал: ІІІ том: Ғұмар Қараш туралы еңбектер. – 2018. – 478 б.

*****

Ғұмар Қараш: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия. – Алматы, 2002. – Б.221 – 222.
Тәж-Мұрат М. Ғұмар Қараш: өмірі мен шығармашылығы. – Ақтөбе, 2004. – 384 б.
Ақжайық ақиықтары: діндар-ақын Ғұмар Қараш жайында // Айна. – 2010. – 25 ақпан. – Б. 8
Кенжалиев И.Н. Ғұмар Қараш. – Орал, 2004. – 130 б.
Ғұмар Қараш: өмірдерек // Қос газеттің тарихы: меретойлық жинақ. – Орал, Жайық Пресс, 2013. – Б. 69 – 71.
Осатова Қ. Ғұмар Қараш-тарихи тұлға: Ойшыл Ғұмар Қараш туралы // Шұғыла. – 2018 . – 8 наурыз. – Б. 5.
Құттымұратұлы Қ. Ғұмар туралы тың деректер: ақын, ағартушы Ғұмар Қараш туралы // Егемен Қазақстан. – 2018 . – 19 шілде. – Б. 6.
Серікбай қажы О. Алғашқы қазақ қазиы: Ойшыл Ғұмар Қараш туралы // Иман. – 2019. – №3. – Б. 4.