Қазақтың көрнекті ақыны, батыр Исатай Тайманұлы бастаған көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі оның жалынды жыршысы Махамбет Өтемісұлы 1804 жылы Ішкі Бөкей ордасы, Бекетай аймағында дүниеге келген.
Исатай Тайманұлының қанды көйлек жолдасы. Кіші жүздегі Байұлы тайпасына жататын беріш руының жайық атасынан шыққан. Мұсылманша, орысша сауатты болған.Атасы Құлмәлі, өз әкесі Өтеміс те өз дәуірінің сөз білген айтулы кісілері болған. Халық арасында беделді, дарынды ақын Махамбетті Жәңгір хан жақын тартып, оған баласын қосып оқуға жібереді. Махамбет Орынборда 1824-29 жылдары тұрды. Кейіннен Жәңгір ханмен арасы суығаннан кейін Махамбет Жәңгірмен ат құйрығын кесіседі. Дегеніне көнбегені үшін, өзіне қарсы бағытталған өткір өлең-жыры үшін оны Жәңгір хан қуғындай бастайды. Екі жыл түрмеде отырып, 1831 жылы қашып шығады. Ресейдің отарлаушылық саясатын қолдаушы хан-сұлтандарға қарсы қозғалысты ұйымдастыру мақсатымен Исатай батырмен тізе қосады.
Асан Қайғы, Сыпыра, Доспамбет, Қазтуған сияқты батыр-жыраулардың мұрасынан сусындаған Махамбет шығармалары – өз дәуіріндегі халық бұқарасы өмірің рухани-поэтикалық шежіресі. Оның «Ереуіл атқа ер салмай», «Ұлы арман», «Жайықтың бойы көк шалғын», «Атадан туған ардақты ер», т.б. халыққа кең танымал толғаулары кек пен намысқа, серт пен сенімге, жігерге өршіл рухқа толы. Махамбет өлеңдерінде көтерілістің басшысы мен ұраншысы ретінде Исатай мен өз бейнесі көрініс береді. «Тайманның ұлы Исатай», «Исатай деген ағам бар», «Исатай сөзі», «Тарланым», «Арғымаққа оқ тиді», «Қызғыш құс», «Мұнар күн», «Соғыс», «Баймағамбет сұлтанға» т.б. өлеңдерінде Исатайдың адамгершілігі, азаматтығы, тапқырлығы, батырлығы, қайсарлығы сипатталады. Махамбет Өтемісұлы ұлттық поэзияны түр, мазмұн жағынан жігерлендірген. Нақылға, шешендікке құрылған жырлар, философиялық тебіреніс түріндегі толғаулар, үндеу, шақыру-ақын шығармашылығының басты ерекшелігі.

Әдебиеттер:

Өтемісұлы М. Жыр-семсер: өлеңдер кітабы / құраст.: Б. Аманшин. – Алматы: Жазушы, 1979.- 136 б.
Өтемісұлы М. Ереуіл атқа ер салмай: өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 2002. – 132 б.
Өтемісұлы М. «Қиыл қырғыны:»: партитура / күйлерді оркестрге өңдеп түсірген Е. Нұрымбетов. – Орал, 2003. – 96 б.
Өтемісұлы М. Шығармаларының төрт томдық академиялық жинағы / алгы сөзітүсініктерін жазып, баспаға әзірлеген А. Қ. Егеубаев. – Алматы: Ғылым, 2003.
Өтемісұлы М. Айналайын Ақ Жайық: өлеңдер, ой толғам, естеліктер. – Алматы: RS: Халықаралық Абай клубы. – 2014. – 372 б. – (Халықаралық Абай клубы) (Ақ Жайық кітапханасы) («Amanat» журналының кітапханасы)

*****

Махамбет Өтемісұлы: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия. – Алматы, 2002. – Б. 384 – 385.
Махамбет / баспаға дайындаған Ғ. Әнес. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2001. – 160 б.- («Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы»)
Махамбет батыр Өтемісұлы: өмірдерек // Дана KAZ. – 2018 . – №3. – Б.11.
Бабаш Б. Махамбетке ескерткіш қойылды: Атырау облысында халық батыры Махамбет Өтемісұлына арналған ескерткіш бой көтерді // Егемен Қазақстан. – 2018. – 10 қаңтар.-Б.3.
Құлияс Т. Махамбеттің соңғы сөзі: эссе // Егемен Қазақстан. – 2018. – 1 наурыз. – Б.6.