Ақын Қайрат Жұмағалиев 1937 жылы 16 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының Орда (қазіргі Бөкейорда) ауданында Жиекқұм ауылдық кеңесінің (қазіргі Бейсен ауылы) Бесқұдық деген жерінде дүниеге келген.
1952 жылы Азғыр мектеп-интернатында (қазіргі Атырау облысының Құрманғазы ауданы) 8-класты бітірген. Сол жылы Капустин Яр, Азғыр, Тайсойған, Ембі әскери-сынақ полигондарының ашылуына байланысты аудан таратылғаннан соң, жергілікті халық Оңтүстік Қазақстанға көшірілді. Қайрат Жұмағалиев 1954 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ильич ауданындағы ІІІ Интернационал атындағы орта мектепті бітірді.
1959 жылы Алматы қаласының С. Киров атындағы ҚазМУ-дің филология факультетін тамамдаған. 1959-1985 жылдары «Жазушы» баспасында кіші редактор, редактор, аға редактор, редакция меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарған. 1986-1992 жылдары Қазақ республикалық теледидарында аға редактор, комментатор, редакция меңгерушісі, бас редактор. 1993-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының аударма-редакциялық сектор меңгерушісі, ал 2005-2009 жылдары Президенттік Мәдениет орталығында шығатын «Мәдени мұра» журналында бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.
Қайрат Жұмағалиевтің 30-дан астам өлеңдер жинағы, аударма кітаптары жарық көрді.
«Ақырғы матч!», «Беймаза бақыт», «Шам шаһарында», «Самардың сарша тамызы», «Дос құшағы» поэмалары, «Құрақ көрпе!», «Хатшепсут», «Батыр туралы баллада», «Журналист» балладалары, балаларға арналған «Таба нан», «Жампоз», «Кәмпит туралы баллада», «Соқыр қыран» сияқты дастан, балладалары жарық көрген. «Желсіз түнде жарық ай», «Мәңгі алау» атты бір актылы пьесалардың авторы.
«Алматы – әсем астана», «Көзіміз енді ашылды!», «Сәулетшілер сәулеті» атты скетчтердің авторы.
Гомердің «Илиада» поэмасын, Еврипидтің «Медея», «Троя арулары», «Елена» трагедияларын, Мольердің «Тартюф яки суайт» комедиясын, Э. Растанның «Сирано де Бержерак» драмасын, А. Блоктың «Қанжар және крест» драмасын, А.А. Әл-Мааридің, Ш. Руставелидің, Физулидің, Низамидің, А.Пушкиннің, М. Лермонтовтың, В.Маяковскийдің, С.Есениннің, Ю.Тувимнің, К.Хетагуровтың, Я.Райнистің, Мұса Жәлелдің, М.Светловтың, С.Вургунның, М.Лукониннің, Ғафур Ғұламның, Ю.Тувимнің, С.Наровчатовтың, А.Межировтың, А.Вознесенскийдің, В.Торопыгинның, А.Каныкинның, М.Алигердің, Н.Матвееваның, К.Киромның, И.Токмакованың шығармаларын ана тілімізге аударған. Н.Хикметтің «Таңдамалы», Р.Рождественскийдің «Дүние дүбірі», Р.Казакованың «Алыстан аңсағаным» өлеңдер кітаптарын аударған. А. Дюманың «Граф Монте-Кристо романын (Ә.Жұмабаевпен бірге), моңғол жазушысы Л.Тудэвтің «Тау тасқыны» романын, француз ақыны П.Ж.Беранженің «Бақытты жұбайлар» атты өлеңдер жинағын аударған.
Қырғыз эпосы «Манасты» қазақ тіліне тәржімалауға қатысқан.
Ақын өлеңдеріне қазақ композиторлары ән жазған. Оның ішінде: Е.Рахмадиевтің «Шабыт», «Батыр қыз Жадыра», «Қоңыр күз», «Жадырай түсші, жанерке!» атты романстары, «Алып аймақ», «Алтын бесік»; Ғ.Жұбанованың «Арысым»; Е. Хасанғалиевтің «Келеміз бірге», «Біздің жар-жар тамаша», «Бақытты балалық», «Арайлы таңдар»; Н.Тілендиевтің «Жайлаудағы жеңешем»; М.Маңғытаевтің «Тың төсінде»; Ә.Бейсеуовтің «Армысыңдар ардагерлер!», «Қызыл сұңқар»; М. Омаровтың «Анашым»; Д.Қажымовтың «Жарқын жаз, қайдасың?», «Біз – балдырған», «Ұстаздар»; Ж. Еңсеповтің «Наурыз» т.б. әндері бар. Балаларға арналған көптеген ән мәтіндерінің авторы.
Мәскеуде «Степная дорога», «Целомудрие» («Советский писатель»), Алматыда «Раздолье», «Подарок малышам» атты кітаптары орыс тілінде жарық көрді. Шығармалары ТМД елдерінің тілдерінде, сондай-ақ ағылшын, француз, араб, неміс, қытай, хинди, испан, поляк, болгар тілдеріне аударылған.
М. Твеннің шығармасы бойынша түсірілген «Әбден бұзылған» («Том Сойердің басынан кешірген таңғажайып оқиғалары») атты киносценарийінің аудармашысы, Александровтың «Малиновкадағы той» опереттасының сценарийін аударған.
Қ.Жұмағалиев Қазақ Совет Энциклопедиясының ІХ, Х, ХІ, ХІІ томдарының авторларының бірі.
«Молодая гвардия» журналының, «Қазақ әдебиеті» газетінің лауреаты. АҚШ-тың Әдебиет энциклопедиясына енген қазақ ақыны. Беларусь Республикасы Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің Құрмет грамоталарымен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Ерлік еңбегі үшін» медальдарымен, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының Грамоталарымен марапатталған.

Әдебиеттер:

Жұмағалиев Қ. Жанар: өлеңдер. – Алматы, 1966. – 120 б.
Жұмағалиев Қ. Айнамкөз: өлеңдер кітабы. – Алматы, 1969. – 108 б.
Жұмағалиев Қ. Сақара: өлеңдер кітабы. – Алматы, 1970. – 104 б.
Жұмағалиев Қ. Шапағат: өлеңдер кітабы. – Алматы, 1972. – 96 б.
Жұмағалиев Қ. Ақ-Жарма: өлеңдер, баллада, поэма. – Алматы, 1974. – 140 б.
Жұмағалиев Қ. Сәске: таңдамалы.-Алматы, 1976. – 395 б.
Жұмағалиев Қ. Парасат: баллада, өлеңдер, поэма. – Алматы, 1978. – 160 б.
Жұмағалиев Қ. Құбажон: поэмалар, өлеңдер. – Алматы, 1980. – 136 б.
Жұмағалиев Қ. Ақмарал: өлеңдер, балладалар. – Алматы, 1981. – 119 б.
Жұмағалиев Қ. Кім көріпті мұндайды?!: өлеңдер, баллада, поэма. – Алматы, 1982. – 136 б.
Жұмағалиев Қ.Көңілімнің сарасы: өлеңдер, балладалар, поэмалар. – Алматы, 1982. – 376 б.
Жұмағалиев Қ. Құланиек: өлеңдер, балладалар. – Алматы, 1989. – 144 б.
Жұмағалиев Қ. Күншуақ: өлеңдер, балладалар, поэмалар. – Алматы, 2001. – 240 б.
Жұмағалиев Қ. Он асу: өлеңдер, балладалар, поэмалар. – Астана, 2002. – 120 б.
Жұмағалиев Қ. Ақ тайлақ: өлеңдер, балладалар, поэмалар. – Алматы, 2008. – 272 б.
Жұмағалиев Қ. Абзал аналар. Өз-өзіңнен жасқанып…: ақын өлеңдері // Орал өңірі. – 2015. – 17 қыркүйек. – Б. 11.

*****

Жұмағалиев Қайрат: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия. – Алматы, 2002. – Б.290.
Жұмағалиев Қайрат: өмірдерек // Қазақстан жазушылары: анықтамалық / құраст.: С.Қамшегер, Қ.Жұмашева. – Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2009. – Б.171 – 172.
Жұмағалиев Б. Жайсаңдар жайлы толғаныс: естеліктер / құраст.: Ж. Ақбай, Ж. Сафуллин, С. Әбілхалықов; ред. Б. Мекеев. – Алматы: Арыс, 2017. – 262 б.
Мамыров А. Өлең-жыры өміршең: ақын Қайрат Жұмағалиевтің шығармашылығы жайында // Орал өңірі. – 2014. – 27 желтоқсан. – Б.7.
Есали А. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды: Қайрат Жұмағалиевтің сөзіне жазылған «Анашым» әнінің шығу тарихы туралы // Егемен Қазақстан. – 2016. – 16 наурыз. – Б.10.
Набиоллаұлы Н. Ақын рухына құрмет: қазақтың ақиық ақыны Қайрат Жұмағалиевке арналған ескерткіш тақта ашылды // Орал өңірі. – 2017. – 28 желтоқсан. – Б. 9.