Сисенғали Закария Жүсіпқалиұлы 1957 жылы 23 шілдеде Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Мұқыр ауылында дүниеге келген. 1974 жылы Мәстексай ауылындағы С.Меңдешов атындағы орта мектепті бітірген.
Білімі жоғары А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын, Алматы саясаттану және басқару институтын бітірген. 1975-1977 жылдары әскери міндетін өтеген. Запастағы лейтенант. 1977-1989 жылдары аудандық „Жаңарған өңір» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы. 1989-1991 жылдары Алматы саясаттану және басқару институтының тыңдаушысы. 1991-1992 жылдары Батыс Қазақстан облыстық „Орал өңірі» газетінің Жаңақала, Жәнібек, Казталовка, Орда аудандары бойьшша меншікті тілшісі, 1993 жылға шейін аудандық „Жаңарған Өңір» газетінің редакторы. 1993-2001 жылдары Жаңақала ауданы әкімі аппараты ішкі саясат және әлеуметтік сала, ұйымдастыру және кадрлармен жұмыстары бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2001 жылдан аудан әкімінің орынбасары. Закария Сисенғалидың „Көктем» атты тұңғыш өлеңі 1972 жылы аудандық „Жаңарған Өңір» газетінде жарияланды. Осыдан бастап өлеңдері мен рецензиялары, очерктері республикалық „Қазақ әдебиеті», „Қазақстан мұғалімі»,»Лениншіл жас», (Жас алаш) газеттері мен „Жұлдыз», „Жалын», „Ақ желкен», „Мәдениет және тұрмыс» журналдарында, облыстық, аудандық басылымдарда жиі жарияланып келеді. Оның 2001 жылы „Жазушы» баспасынан „Әнім сенсің, Жаңақала», 2003 жылы „Дастан» баспасынан „Ақ Жайық-ару мекенім» атты өлеңдер жинағы шыққан. Жиырмаға жуық әр түрлі жинақтарға шығармалары енген. Ол отыздан астам ән мәтіндерінің авторы. Көрнекті композиторлар Ә.Бейсеуов, Б.Жұманиязов, С.Лұқпанов, Т. Шәмелов, Д.Қажымов тағы басқа ақынның өлеңдеріне ән жазған. Әсіресе, Қазақстанның халық артистері Ә.Бейсеуов пен Т.Шәміловтің әндеріне жазылған „Жаңақала-гүл қала»,»Әнім сенсің, Жаңақала», Д.Қажымов әнге айналдырған „Ақ Жайық -ару мекенім» өлеңдері туған өлкесінің әнұранына айналды. З.Сисенғали Қазақстан журналистер одағының мүшесі. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы мерекелік медалімен, көптеген грамоталармеп марапатталған.

Әдебиеттер:

Сисенғали З. Әнім сенсің, Жаңақала. – Алматы, 2001. – 96 б.
Сисенғали З. Ақжайық – ару мекенім: өлеңдер жинағы. – Орал, 2003. – 82 б.
Сисенғали З. Жағаңда тұрмын Жайығым: өлең // Орал өңірі. – 2003. – 22 наурыз.
Сисенғали З. Тәуелсіздік толғауы: өлең // Орал өңірі.- 2003. – 25 қазан.
Сисенғали З. Жанарыңда қалды моншақ тізіліп..: өлендер // Орал өңірі. – 2004. – 24 сәуір
Сисенғали З. Сырымды мен айтпаған өлең айтар: өлеңдер // Орал өңірі.- 2005. – 11 қазан
Сисенғали З. Бір жүрек, міне, жыр төкті // Жаңарған өңір. – 2006. – 28 қаңтар. – Б. 3.
Сисенғали З. Ғұмар Қараш: өлең өлкесінде // Орал өңірі. – 2006. -10 қазан. – Б. 4.
Сисенғали З. Әсеттің әсем әндері-ай!.. // Орал өңірі. – 2008. – 20 қараша. – Б. 8.
Сисенғали З.Достық туын көтерген халқым неткен ірі еді: өлең // Орал өңірі. – 2009. – 16 сәуір. – Б.16.
Сисенғали З. Ескегін есіп өмірдің..: өлеңдер // Орал өңірі. – 2009. – 5 ақпан. – Б.10.
Сисенғали З. Бақ-береке жылы бол, 2011!: өлең // Орал өңірі. – 2010. – 30 желтоқсан.
Сисенғали З. Махаббат – мәңгі көктемім: өлеңдер // Орал өңірі.- 2010. – 29 сәуір. – 10 б.

*****

Сисенғалиев Зәкәрия: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия. – Алматы, 2002. – Б. 467.