Ақын 1937 жылы 16 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының Бесқұдық ауылында туған. 1959 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1959-1984 ж. «Жазушы» баспасында кіші редактор, редактор, аға редактор, редакция меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, 1985-1992 ж. Қазақ телерадио комитетінде аға редактор, комментатор, редакция меңгерушісі, бас редактор, 1992-1996 ж. Қазақстан парламенті Сенатының аударма-редакциялық бөлімінде сектор меңгерушісі, кеңесші, «Сарыарқа» журналында редактор қызметтерін атқарды.

         Алғашқы өлеңдер жинағы «Тұңғыш» 1964 жылы жарық көрген. Кейін «Жанар» (1966), «Перзент үні» (1967), «Жеңісбай» (1968), «Шапағат» (1974), «Сәске» (1986), «Алатау» (1980), «Ақмарал» (1981), «Құланиек» (1989), «Төлбасы» (1992), «Жүрегімнің бөлшегі» (2004), «Жарық дүние» (2012), т.б. өлең жинақтары жарық көрді. Ақын өлеңдеріне ән жазылған.

      «Молодая гвардия» журналының, «Қазақ әдебиеті» газетінің лауреаты. Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарымен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Ерлік еңбегі үшін» медальдарымен, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының грамоталарымен марапатталған.

        Қайрат Жұмағалиев 2013 жылы желтоқсан айында дүниеден озды.