Белгілі көрнекті қоғам қайраткері, еңбек және соғыс ардагері Бисен Жұмағалиев 1922 жылы 22 желтоқсанда бұрынғы Тайпақ ауданы Сайқұдық ауылында кедей шаруа жанұясында дүниеге келген. Балалық шағы атышулы ашаршылық жылдарымен, бой түзеген бозбала шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген Бисен Жұмағалиевтың әкесі Жұмағали Жақсығұлов Ұлы Отан соғысында Калинин майданында қаза тапқан, анасы Күнсүйген колхоз басқарған. 1940 жылы педагогикалық училищені бітіріп, өзінің туған ауылында мұғалім болды. 1942 жылдың қаңтар айында майданға шақырылып, наурыз айында Ленинград майданына түсіп, 13-ші дивизия құрамында жауға қарсы күресте болады. Соғыс жылдары қазақ тілінде шығып тұрған «Отанды қорғауда» газетінде майдан өмірі мен жауынгерлер ерліктері туралы мақалалар беріп тұрды. Соғыстан соң 1949-55 жылдары «Екпінді құрылыс» Батыс Қазақстан облыстық газетінің редакторы қызметін атқарды. 1955-58 жылдары қазіргі Жалпақтал, сол кездегі Фурманов ауданында бірінші хатшы болды. 1951 жылы А. С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын сырттай оқып, 1958 жылы СОКП-ның Жоғарғы партия мектебіне жіберілді. 1960 жылы осы мектепті бітірген соң Орал облыстық партия комитетінің хатшысы болып тағайындалды. 1964 жылы Алматының ауылшаруашылық институтында экономика ғылымдарының кандидаттығына диссертация қорғады. 1971-1985 жылдары Көкшетау облыстық партия комитетінде хатшылық қызметтер атқарды.
Бисен Жұмағалиев жоғары басшылық қызметтерде жүрсе де туған жер, туған ел, тарихи тұлғалар туралы ой қозғап, өмірден көргендері мен түйгендерін қағаз бетіне түсіріп ұрпаққа тағылымды тарту етіп келеді. Біздің Батыс Қазақстан облысы тарихи оқиғалар болып, көптеген тарихи тұлғалар шыққан, көрнекті қайраткерлер мен ақын-жазушылар тоқтаған қасиетті топырақ.
Осындай айталы оқиғалар мен елеулі өзгерістер туралы сыр шертіп, естелік жазып жүрген Бисен Жұмағалиев аға буын мен өскелең ұрпақ сабақтастығының алтын жібі ретінде «Степное зоры Приуралья», «Обнавленная степь», «10 лет с Шолоховым» атты кітаптар жазды. Жүздеген мақалалары республикалық және жергілікті мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланып келеді.
Бисен Жұмағалиев Отан соғысы, 3 мәрте Еңбек Қызыл ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

